Солтүстік Қазақстан полиция департаментінің бастығы есеп берді
Есепті кездесуге келгендер жедел басқару орталығының, жылжымалы криминистикалық зертхананың жұмысымен танысып, мұражайды тамашалады. Бронды мобильді машиналар, «Жол приставы» кешені жайлы ақпараттық стендтер ерекше назар аударды.
«Ашық есік күніне» құқық қорғау органдарының басшылары, жергілікті атқарушы билік, «Нұр Отан» партиясы филиалының, консультативтік-кеңесші органның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Полиция ведомствосының басшысы Елбасы Жолдауында атап көрсетілген тапсырмаларды іске асыру барысы туралы жан-жақты мағлұмат берді. Фронт-офистар ашылып,цифрлық технология енгізілген. Ішкі тәртіптік жауапкершіліктінығайтудың арқасында қылмыс 4,3 процентке азайған.
Видео және фотослайдтармен ұштасқан баяндамадан соң онлайн режімінде қойылған сұрақтар тұрғын үйлердегі учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ширату, үй-күйсіз жүргендермен, есірткі пайдаланатындармен күрес, сағаттап жалға берілетін пәтерлерді тәртіпке келтіру, тағы басқа мәселелерді қамтыды. Келесі жыл «Есірткісіз болашақ» жылы деп жариялануы синтетикалық есірткіні таратушыларға қарсы ымырасыз күрес жұмысы жанданатыны атап көрсетілді. Ықшамаудандарда бейнебақылау жүйесін кеңейту жөнінде өтініштер айтылды.
Кездесу соңында Берік Біләлов қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысқан азаматтарды марапаттады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы