Солтүстік Қазақстан полиция департаменті ең ашық ведомство болып танылды
Полиция генерал-майоры Берік Біләлов облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының алдында осымен бесінші рет есеп берді. Мұндай кездесулер жылдағы дәстүрге айналған. Сондай-ақ, полицейлер тұрғындардың, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдерінің алдында да есеп береді.
«Жұмыстың заманауи жаңа ашық форматы ведомство қызметін бұдан да айқын етуге мүмкіндік берді. Қолжетімділікті және тұрғындардың сенім деңгейін арттыру үшін облыс полициясының барлық құрылымдары өздерінің қызметін фронт-офистер мен мамандандырылған орталықтар арқылы жүзеге асыратын қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшті», деп атап өтілді жиында.
Есептік кездесу аясында халық қалаулылары бірқатар полиция объектілерін аралады. Атап айтқанда, көші-қон қызметі орталығы, қалалық полиция басқармасының фронт-офисі, №10 учаскелік полиция пункті, тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларға арналған түнеу орны, ату тирі мен полиция ведомствосының мұражайына барды. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тиімділігін арттыру үшін енгізілген бейнебақылау жүйесімен және басқа да озық технологиялармен танысты.
Мұндай тағылымды іс-шаралардың мақсаты полиция департаментінің ашық үдерісін қамтамасыз ету, жедел-қызметтік жұмыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қаржылық айқындылығы жайлы ақпараттандыру болып табылады. Өңірдегі криминогендік ахуал, көшелер мен аулалардағы, ойын-сауық орындарындағы қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік ұдайы бақылауда. Депутаттар облыстық полиция басшылығының алдағы жылды «Есірткісіз болашақ» жылы деп жариялау және синтетикалық есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдар мен мүдделі ведомстволардың жұмысын үйлестіру туралы шешімін қолдады. Бұл жұмыстар Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы туралы бастамасы аясында іске асырылады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/