Солтүстік Кореяның Италиядағы елшісі Батысқа қашты

0

Батыс басылымдары Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореядағы дереккөздеріне сілтеме жасап, Пхеньянның Италиядағы елшісі Чо Сон Гильдің Батысқа қашып, пана сұрағаны туралы ақпарат таратты. Washington Post газетінің хабарлауынша, елшінің қашқаны туралы Оңтүстік Корея парламентінің жабық отырысында сол елдің барлау қызметінің өкілдері айтқан.

Guardian басылымы Оңтүстік Корея дипломаты мен сол елдің парламент мүшесіне сілтеме жасап, Чо Сон Гильдің былтыр қарашада ешкімге ескертпестен Римдегі консулдықтан әйелімен бірге шығып кеткен деп хабарлады. Елшінің қашуына қарашаның соңында Италиядағы қызмет мерзімінің аяқталатыны түрткі болуы мүмкін деген болжам айтылады.

Оңтүстік Кореяның JoongAng Ilbo басылымының жазуынша, елші Еуропа Одағы елдерінің біріне саяси баспана беруін сұрап өтініш тапсырған. Бірақ Италия сыртқы істер министрлігі шетелдік дипломаттың ол елде әлгіндей өтініші бергенін жоққа шығарды деп хабарлайды Reuters. Италия СІМ-дегі дереккөз 2018 жылдың соңында Пхеньянның Римге жаңа елшісін жіберуге тиіс болғанын айтқан. Италияның Ansa жаңалықтар агенттігі ел билігінің Солтүстік Корея дипломатынан пана сұрайтыны туралы өтініш алмағанын хабарлаған.

48 жастағы Чо Сон Гиль 2017 жылдан бері Солтүстік Кореяның Италиядағы елшісі болып істеген. Әйелі және балаларымен Римде тұрған. Расталмаған деректер бойынша, ол Солтүстік Кореяда жоғары лауазымды қызмет атқаратын шенеуніктің туысы (күйеу баласы).

Дереккөз: Азаттық