«Солтүстік ағын — 2» газ құбыры 2020 жылдың ортасында іске қосылады

0

Ресей премьер-министрінің орынбасары Дмитрий Козак «Солтүстік ағын — 2» газ құбырының құрылысы жоспарға сәйкес жүріп жатқанын айтты

МӘСКЕУ, 22 қараша – Sputnik. 2020 жылдың ортасында «Солтүстік ағын — 2» газ құбыры іске қосылады, деп хабарлайды РИА Новости.

Дмитрий Козак газ құбырының нақты қашан жұмыс істейтінін айтқан жоқ.

Осыған дейін Ресейдің энергетика министрі Александр Новак газ құбыры жаңа жылға дейін іске қосылуы мүмкін екенін хабарлаған. Оның айтуынша, қазіргі таңда техникалық жұмыстар жүріп жатыр.

Жоба аясында Ресей жағалауынан Балтық теңізі арқылы Германияға дейін жылына 55 миллиард текше метр газ тасымалдайтын құбырдың екі тармағын іске қосу жоспарланып отыр. Газ құбыры Финляндия, Швеция және Данияның аумағы арқылы өтеді.

Қазан айының басында «Газпром» компаниясы құбырдың 80%-і салынғанын атап өткен. Алайда компания құрылыс жұмыстары барысында қиындықтар туындағанын да жасырған жоқ. Дания құбырды төсеуге тек қазан айының соңында рұқсат берген. Дегенмен компания өкілі Дания аумағы арқылы газ құбырын өткізуге 5 апта жеткілікті екенін айтты. 

Бұған дейін америкалық сенатор Тед Круз АҚШ санкциялары «Солтүстік ағын — 2» газ құбырын іске қосуды бір жылдан астам уақытқа кешіктіретінін ескерткен еді.



sputniknews.kz