Солсбериде «Новичок» уынан зардап шеккен төртінші адам жайлы хабарланды
Лондон полициясы Солсбериде «Новичок» уынан зардап шеккен төртінші адам туралы хабарлады. Ол — 2018 жылғы наурызда Ресей әскери барлауының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызына қастандықты тексеруге қатысқан полиция қызметкері. Былтыр көктемде әкелі-балалар Скрипальдардан өзге тағы бір полиция өкілі Ник Бейли зардап шеккен.
Скотленд-Ярдтың хабарлауынша, жүйкені зақымдайтын улы зат төртінші адамға болмашы әсер еткен. Ол адам көп ұзамай қайта қатарға қосылып, қызмет міндетін атқаруға кіріскен.
Ресейдің Ұлыбританиядағы елшілігі Скотланд-Ярдтың ақпараты күмән білдірді.
2018 жылғы наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында советтік «Новичок» уынан уланып қалған Сергей Скрипаль мен қызы Юлияны ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізген. Екеуі ұзақ уақыт емделіп аман қалған. Қазір олардың қайда екені белгісіз. Лондон оларға қастандықты Кремль ұйымдастырған деп мәлімдеп, Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған.
Ұлыбритания билігі Солсберидегі қастандықты «Александр Петров» және «Руслан Боширов» деген адамдардың атын жамылып келген ресейлік әскери барлау қызметкерлері жасаған деп санайды. Бұл оқиғаны зерттеген Bellingcat тобы мен The Insider басылымы «Петров» пен «Бошировтың» шын аты-жөні Александр Мишкин және Анатолий Чепига деп хабарлаған.
Мәскеу «Новичок» уын ресейлік жансыздар қолданған деген айыптауды бірнеше рет жоққа шығарып, мұны «Ресейге қарсы байбаламды қоздыру мақсатымен әдейі ұйымдастырған» деп британдық арнайы қызметті айыптаған.