Соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерінің қайда жерленгені 77 жылдан кейін анықталды
Қазақстандық офицер Құлмырза Ибраевтың туысқандары жауынгердің қайда жерленгенін 77 жыл бойы білмеген
НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. Мәскеудегі «Ақтөбелік жерлестер» ұйымының мүшесі Асылбек Төлешов Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгер Құлмырза Ибраевтың туысқандарына батыр сүйегінің қайда жерленгенін анықтауға көмектесті.
200 атқыштар дивизиясы 661 атқыштар полкі екінші батальонының комсомол ұйымдастырушысы Құлмырза Ибраевтың туыстары 77 жыл бойы тірнектеп жауынгердің қаза тапқан және жерленген орны ақпарат жинады, деп хабарлайды lada.kz порталы.
Бұл жайлы естіген біздің отандасымыз Асылбек Төлешов батырдың туысқандарына көмектесуге бел буған. Ол ерлікпен қаза тапқан офицердің жерленген орнын анықтады. Енді жауынгердің ұрпағы бауырластар зиратына барып, құран бағыштай алады.
«Құлмырза Ибраев 1920 жылы туған. 1942 жылы қан майданға аттанды. Сол жылы жараланып, емделгеннен кейін 200 атқыштар дивизиясы 661 атқыштар полкінің қатарына қосылған. Жауынгерлік журналға сүйенсек, 1943 жылы желтоқсан айының басында олардың дивизиясы қазіргі Ресейдің Псков облысы, Невель ауданы Замошица ауылының маңындағы кескілескен ұрысқа қатысқан»,- деді Асылбек Төлешов.
Тағы оқыңыз: Жүзден аса фашистің көзін жойды: Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров туралы не білеміз
Айтуынша, дәл осы маңда Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова да қаза тапқан.
Жауынгердің зиратын табу үшін Асылбек Төлешов Псков облысының әскери комиссариатына жүгінді. Құлмырза Ибраевтың сүйегі Невель ауданы Усть-Долыссы кентінде Замошица ауылының маңындағы бауырластар зиратында қайта жерленгені туралы комиссариаттағы ескі құжаттарда жазылған.
Соғыс жылдарында Маңғыстау облысынан майданға 6 388 адам аттанды. Олардың 4 200-і неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста қаза тапты.
sputniknews.kz