«Соғыс Путин өлгенше жалғасады»
Андрей Булава – тегі украин Қазақстан азаматы. Екібастұзда туып-өскен. Соғысқа дейін Алматы мен Киевте тұрып, кәсіпкерлікпен айналысқан. Андрей Азаттыққа әйелін қарулы қақтығыс аймағында неге қалдырғанын, адамдармен соғыс жайлы қалай сөйлесетінін, Қазақстанда Кремль пропагандасына қарсы күресу неге маңызды екенін айтып берді.
Андрей Булаваның ұлты – украин. Ата-анасы Қазақстанға Луганскідегі Кадиевка (Совет одағы тұсында Стаханов деп аталған) қаласынан жолдама бойынша тың игеруге келіп, осында қалып қойған. Қазір Кадиевка «Луганск халық республикасын» құрған сепаратистердің қолында. Андрей Алматы мен Киевтің арасында жүреді. Екі қалада да кәсібі бар. Қазір әйелі мен енесі Украинада қалған.
Андреймен қазақстандық суретшілердің қайырымдылық көрмесінде таныстық. Украинаға көмек жинау мақсатында ұйымдастырылған көрмеде отандық қылқалам шеберлерінің картиналары сатылды. Біраз уақыттан кейін Андреймен қайта жолығып, Украинадағы соғыс жөніндегі ойы, Кремль саясатын жақтаушылармен сөз таластыру себебі және Қазақстанның Ресей агрессиясының нысанына айналуы қаншалықты ықтимал екені жайлы сөйлестік.
«КРЕМЛЬДІ ҚОЛДАЙТЫН КӨП ДОСЫМНАН АЙЫРЫЛДЫМ«
Андрей Булава Қазақстанда білім беру саласында істейді: ол басқаратын фирма ірі компанияларға маман дайындаумен айналысады. Андрей бизнес процесі мен стратегиясын зерттеп, кәсіпкердің нарықтағы рөлін және негізгі қателігін анықтау өте күрделі әрі жан-жақты еңбекті қажет етеді деп есептейді. Соғыс басталмай тұрып кәсіпкердің Киевте де фитнес-индустрия саласында бизнесі болған.
– Соғыс басталған кезде Алматыда болдым. Әрине, соғыстан қашып құтыла алмайтынымызды білдім, бірақ көктемде басталатын шығар, оған дейін Киевке қайтып үлгерермін деп ойлағам. 24 ақпанда клиенттермен жиналыста отырып, үзіліс кезінде телефонымды қарадым… Ресейлік журналист Тихон Дзядко соғыс басталғаны туралы естіген кезде жүрегі айнығанын жазыпты. Менде де дәл сондай сезім болды, – дейді Андрей.
Андрей Булаваның әйелі мен енесі Украинада қалған. Әйелі еріктілер қатарында болған, бірақ анасының жағдайы нашарлаған соң, Киевтен кетуге тура келген. Қазір олар Украинаның батысында тұрып жатыр.
– Соғыс басталған кезде Украинаға қайтуды ойладым. Бірақ мұның еш мәні жоғын түсіндім. Әйеліммен ақылдасып, Қазақстанда қалғаным дұрыс деп шештік. Біріншіден, Украинаға барсам, аумақтық қорғаныс тобына қосыламын. Қазақстан заңы бойынша, өзге мемлекет аумағындағы әскери қимылдарға қатысуға құқығым жоқ, тек ерікті ғана бола аламын. «Қай жақта жүрсем, көбірек пайдам тиеді?» деп ойлану керек. Украинада ерікті боламын, Қазақстанда кәсібімді жалғастыруға мүмкіндік бар. Сондықтан осында қалуға бел будым. Қазір гуманитарлық көмек жіберумен айналысып жатырмыз, – дейді ол.
Андрейдің ата-анасы әлі Екібастұзда тұрады. Кәсіпкер оларды «теледидардың райынан қайтпайтын жанкүйерлері» деп аталатын буынға жатқызады.
– 2014 жылы Ресей Қырымды тартып алғаннан кейін ата-анаммен көп дауластым. Қазір соғыс туралы сөйлеспеуге тырысамыз. Бірақ соғыс басталған кезде анам хабарласып, «Кешір мені! Путин мен оның саясаты туралы дұрыс айтыпсың» деді. Бұл тақырыпты қайта қозғағым келмей, анамнан қай пікірімді дұрыс деп тапқанын нақтылап сұрамадым, бірақ ата-анаммен арамызда кикілжің бары сезіледі, – дейді Андрей Булава.
Жалғасын Azattyq сайтынан оқи аласыздар!