Смайылов министрліктер мен университет басшыларын сынға алды

0

Премьер-министр Әлихан Смайылов министрліктер мен университет басшыларын жатақхана мәселесінің шешілмей тұрғанына байлансты сынға алды, — деп хабарлайды  Kznews.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министр Әлихан Смайылов республикалық штаб отырысын өткізді. Жиынға қатысушылар бүгінде студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін талқылады.Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің баяндауынша, биыл 11 мың орындық 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттеріне арналған – 26, колледж студенттеріне арналған 11 жатақхана пайдалануға беріледі. 1,4 мың орындық 4 нысан жоспарлы мерзімінде пайдалануға берілмеуі мүмкін.

Бұл «Астана медицина университеті» КЕАҚ жатақханасын күрделі жөндеу, Алматы қаласында 400 орындық жатақхана салу және 450 орындық екі жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу сынды жобалар.

Әлихан Смайылов егер бұл мәселе уақтылы шешілмейтін болса, жағдай одан сайын қиындай беретінін атап өтті.

«Көптеген университеттердің басшылары студенттерге тиісті жағдай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері университеттер мен колледждердің сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ, әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыстары нашар», — деді премьер-министр.

Оның айтуынша, оқуға қабылданған студенттер жатақханада орын жоқ екенін орналасуға келген кезде бір-ақ біледі. Сосын, оқуға дайындалудың орнына олар өз бетінше тұратын баспана іздеуге мәжбүр болады.

Әлихан Смайылов 1 қыркүйекке дейін студенттерге жатақханадан орын бөлу жұмыстарын барынша күшейтуді, сондай-ақ биылға жоспарланған 37 нысанның барлығының мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Ол үшін ғылым және жоғары білім, оқу-ағарту министрлері, облыс әкімдері тікелей жауапты екенін атап өтті.

фото: inbusiness.kz