«Смайылов кабинеті дінге қатысты күрделі жағдайды біле ме?» — Ермұрат Бапи батыл мәлімдеме жасады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында радикалды діни ағымдардың қаупіне қатысты бір күнде үш бірдей депутат үкіметке сауал жолдады.
Сауал діни ағымдардан келетін қауіп-қатер төңірегінде Премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВҚА және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек САҒЫМБАЕВҚА жолданды.
Депутат Ермұрат БАПИ соңғы жылдары діни ағымдар саяси сипат алып бара жатыр деп қауіптенеді екен.
– Халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топтар жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасап жатыр. Мысалы, Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек, – дейді Ермұрат Бапи.
Депутаттың сөзінше, бұл исламдық секта, әсіресе, Атырау мен Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады.
– «Мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар» деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені.
Тағы бір мойындайтын мәселе – «Ескі Қазақстан» бұл қатердің шоғын үрлей түсуде. Қазақтың ұлттық дамуына қатерлі уахабизм идеясын халықтың біраз бөлігіне сіңірген «ескі режим» елді әлеуметтік топтарға бөлу арқылы өзінің жеке дара билігін мейілінше ұзақ сақтауды көкседі. Бүгінде сол «ескі Қазақстан» қазақтың ұлттық дәстүріне жат діни идеология арқылы «Жаңа Қазақстанның» жасампаздық жолына кесекөлденең тұруға ниетті. Оның алғашқы қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік, – дейді депутат.
Ермұрат Бапи үкімет тарапынан қандай да бір тиісті құжат қабылдау бастамасы туатын болса, депутаттар оны қолдайды дегенді айтты.
Е.Бапи «Смайылов кабинеті дінге қатысты күрделі жағдайды біле ме?» деген сұрақты қабырғасынан қойып, Үкіметтің іс-жоспарын сұрады, мәселеге Президенттің назар аударуын сұрады.
ақпарат: Nege.kz
фото: orda.kz