Скляр: Ұшаққа мұз қату — апаттың басты себебі ретінде қарастырылып отыр

0

10 қаңтарда Нұр-Сұлтанда үкімет комиссиясы Bek Air ұшағы апатына байланысты комиссияның алдын ала қорытындысын таныстырды.

Комиссия жетекшісі премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, ұшаққа мұз қату апаттың басты себебі ретінде қарастырылып отыр. Комиссия төрт болжамды қарастырған.

«Біріншіден, әуе кемесіне коммерциялық жүктің тиеліп, ұшақтың тепе-теңдігі бұзылуы, екіншіден ауа райы жағдайы. Үшінші ұшақты басқаруда экипаждың қателігі және төртінші техникалық ақау» деді Скляр.

Оның айтуынша, коммерциялық жүк бойынша ереже бұзылмаған. Комиссия мүшелері желдің екпіні тұрақты болғандықтан ол ұшаққа әсер етпеген деп санайды.

«Комиссия ұшаққа мұз қатып қалды деген фактіні жоққа шығармайды, Қалған болжамдар бойынша комиссия жұмысын жалғастырып жатыр» деді Скляр.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлап, сол маңдағы үйге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Ұшақ соғылған үйдің жаңадан салынып жатқаны, апат кезінде үйде ішінде адам болмағаны хабарланған.

30 желтоқсанда Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген Bek Air әуе компаниясының өкілдері Fokker-100 ұшағының «техникалық жағдайы жақсы болған» деді. Компания басшылығы «Fokker-100″ ұшағы әуеге көтерілерден бір минут бұрын ұшқан ауыр салмақты Airbus-321 ұшағының ілеспе толқыны әсер етіп, ұшақты басқаруды күрт қиындатқан болуы мүмкін» деген болжам айтқан.

Бірақ «Қазаэронавигация» мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары Фаат Богдашкин Bek Air компаниясы өкілінің «Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына өзге ұшақтың әуе толқыны әсер еткен болуы мүмкін деген сөзі шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеген.

Ұшақ апатының себебі анықталғанға дейін Bek Air әуе компаниясына берілген лицензия уақытша тоқтатылды.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq