Сэр Алекс Фергюсон «Манчестер Юнайтедке» қайта оралды

0

Әйгілі «Манчестер Юнайтед» клубын баптаған жылдары ғаламат атаққа қол жеткізген сэр Алекс Фергюсон сүйікті командасына қайта оралды. Ол бас бапкердің міндетін атқарушы маманның кеңесшісі болмақ.

Жақында Жозе Моуриньо қызметтен қуылғаннан кейін оның орнына норвегиялық маман Уле Гуннар Сульшер келген еді. Ол әзірге МЮ-дың бас бапкерінің міндетін атқарушы болмақ. Енді 76 жастағы Фергюсон Сульшерге кеңес берумен айналыспақ. Сөйтіп, біраздан бері клубтың бағына бұйырмай келе жатқан чемпиондық титулды алуына көмектеспек. Фергюсон сондай-ақ бұрынғы ассистенті Майк Филанды да шақырғысы келеді екен.

Сульшердің өзі МЮ-де 1996-2007 жылдары ойнаған. Командамен бірге ол алты мәрте Англия чемпионатын жеңген және Чемпиондар лигасында да топ жарған.

Ал Фергюсон болса 1986-2013 жылдар аралығында «қызыл сойқандарды» баптап, барлық турнирлерде 38 трофей иеленген.

Абай Аймағамбет

Дереккөз: Айқын