Сізді сағындық! Сіз қайтадан Президент болып қайтып келсеңіз: Қазақстанда жағымпаздар жарысы болып жатыр

0

Бүгін – шілденің 6-сы! «Елін сүйген, елі сүйген елбасын» 80 жас мерейтойымен құттықтап, «жағымпаздар жарысы» басталатын күн. Әрине, бұл ретте замандастарынан оза шапқан одашы Балтабек Нұрғалиев кезектің алдын бермейді ғой. Бір қызығы, ол әдеттегідей өлең арнамай, қара сөзбен құттықтай салыпты.

«Қадірлі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді бүгінгі мерейлі 80 жасқа толу туған күн мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз! 100 жастан асып жасаңыз! Қазақстанды тағы 20 жылдан артық уақыт басқару бұйырсын Сізге!

Сізді сағындық! Сіз қайтадан Президент болып қайтып келсеңіз, қуанышымызда шек болмас еді. Сіз Мемлекет басшысы болғанда, үлкен жетістіктерге жеткендігіміз рас. Біз Сіздің ел үшін, Тәуелсіздік үшін жасаған ерліктеріңізді ешқашан ұмытпаймыз. Біз Сіздің қадіріңізді білеміз. Біз Сіздің арқаңызда осындай керемет күйде отырмыз. Сізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ! Сізді жақсы көру әр қазақтың әділдігі!

Өзіңіздің құрметіңізге арналған «Нұр» атты толғауымды, «Асыл Нұрым-ай», «Нұр-Сұлтан» атты авторлық әндерімді қабыл алыңыз.
Құрметпен, Балтабек Нұрғалиев», – деп тебіреніпті, жарықтық!

Өкінішке қарай, оның артынан жас «Балтабектер» еріп келе жатыр екен. Соның бірі – иегінің астында бес-алты тал сақалы бар (суреттен балағы көрінбейді) Қожакелді Алданов деген одашы. Ол да өзінше мерейтой иесіне «Таумүсін» деген тақпақ арнапты.

Тақпағының түйіні: «Күркіреген көк аспаннан нұр төгіліп тұр. Осынау жұмақтай қазақтың кең даласына Алла Нұрын төгіп тұр. Тəңірдің қазаққа сыйы – Нұр ағам сексеннің сеңгерінде. Ғасыр жасаңыз, Ғасыр абызы!».

Күнде жауын, күнде дауыл боп, биылғы жаздың берекесі қашып тұрғанымен шаруасы шамалы сабазың «нұр жауып тұр» дегенді осылайша тек 6 шілдеге әкеп тіреп қойды. Енді одасына кезек берейік. Коронавирустан есі шығып, есеңгіреп отырған қамкөңіл қазақ рахаттанып бір күліп алсын! «Кезек берейік» емес, тіпті, сонысымен осы мақаланы түйіндей салайық. Ондайларға сөз – шығын!

«Туған күнің құтты болсын, Нұр-ағам!
Жоқтан бар ғып, Қазақ Елін құраған.
Қасиетті қара тастың жанында,
Жаратқаннан елі үшін, Дұғасында сұраған.

Келдің бүгін сеңгеріне сексеннің,
Нұрсұлтаным бойыңда жоқ сенің мін!
Қос көршімнен қорған болған қамалым,
Хас батырым! Аманаты Қарасайдың! Семсерім!

Əбішұлы – Аманатын арқалаған Алаштың,
Қазақ үшін мінберлерде ақиқатпен таластың.
Аттамадың ар-намыстан, əділдікті ту еттің,
Нұрын шашқан Күндей болып, аспаныма жарастың!

Тәуелсіздік аспанында қалықтаған қыраным,
Бəйтеректей көк таласқан, тамыры берік шынарым.
Сенсің менің ең биігім, сенсің менің Сақ Бабам,
Аңыздардан ақиқатқа қанат қаққан пырағым!

Елі үшін бар ғұмырын, жұмсап келет бар күшін,
Сол күшімен жаулар еді мына əлемнің жартысын.
Жоқ! Өзіне емес, елге адал еңбек еткен Еріме,
Бұл өмірде тусам қайта, мүсінші боп оралсам,
Орнатар ем Алатаудан тау тұлғаңа Таумүсін!

Қожакелді АЛДАНОВ, Солнечный кенті.
6. 07. 2020 ж».

Ерік ЕЛЕУСІЗ

«Алтын Орда»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз