«Сіздерге маска түсті ме?» деген сөзді айтқан әйелдердің үйіне лезде полиция барады
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер «Сіздерге маскалар мен антисептиктер түсті ме?» деген құпия сөзді қолданып, көмек ала алады
НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Нұр Сұлтан полицейлері зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға құпия сөзді қолдануға кеңес берді.
БҰҰ мәліметі бойынша, коронавирус пандемиясына байланысты көп елде карантин шаралары енгеннен кейін, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрт өскені байқалған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Осыған байланысты мамандар зорлық-зомбылық құрбаны болған жағдайда, шағымдану алгоритмін, дағдарыс орталықтарының мекен-жайын және сенім телефондарын пайдалануды ұсынды.
«Дереу полицияға 102 телефонына хабарласыңыз. «Сіздерге маскалар мен антисептиктер түсті ме?» деген құпия сөзді қолданыңыз. Осылайша, отбасындағы зорлық-зомбылықты жасырын хабарлауға болады. Содан кейін тұрғылықты мекен-жайды көрсету керек», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн-өтінім жіберуге болады.
«Сіз полиция қызметкерінен тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жерге барып, құқық бұзушыға қарсы шара қолдануды талап етуге құқылысыз», – дейді департамент өкілдері.
Жарақат алған жағдайда 103 телефонына хабарласып, жедел жәрдем шақырып, сот-медициналық сараптамадан өтуге полиция қызметкерінен анықтама алу керек.
Сондай-ақ республикада балалар, жастар мен ересектерге зорлық-зомбылық көрсетілген жағдайда 150 сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады — мамандар кеңес берді
Сауалдарды telefon150.kz сайтында немесе +77081060810 whatsapp анонимді нөмірі арқылы жолдауға болады.
Сонымен қатар елордада дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Онда әйелдерге психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліп, учаскелік инспекторлармен, қажетті ұйымдармен байланысу жолдарын ұсынады. Шағымның анонимдігі мен құпиялығына кепілдік беріледі.
«Өміріңізге қауіп төнген жағдайда, көмек cұрау үшін орталықтарға жүгіне аласыз», – делінген хабарламада.
Орталықтардың мекен-жайы және байланыс телефондары:
- «Үміт» дағдарыс орталығы» КММ, сенім телефоны: +7 7172 49-78-89 e-mail: centr_07_2013@mail.ru
- «Қорғау-Астана» жеке қоры, сенім телефоны: +7 7172 63-46-01, 30-60-73 e-mail: Korgau_astana@mail.ru.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанынан әйелдерге кеңес беріп, қажетті қолдау көрсететін әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық полиция бөлімінің әйелдерді қорғау бөлімшесі қиын жағдайға тап болғандарға заң жүзінде кеңес беруге, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін 8 (7172) 71 60 63 сенім телефонын ұсынады.
sputniknews.kz