Сириядан құтқарылған 19 жастағы жігіт сегіз жылға сотталды

0

Жігітке террорлық ұйымдарға қатысты деген айып тағылған

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым — Sputnik. Орал соты Сириядан құтқарылған 19 жастағы қазақстандықты сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

Жігіттің ата-анасы жасөспірім күнінде Сирияға алып кеткен, деп жазады «Уральская неделя». Қызыл Крест қызметкерлері тұтқыннан босатқан соң, 2019 жылдың қаңтарында Қазақстанға оралыпты.

Туған қаласына келе салысымен құқық қорғау органдары жігітті уақытша ұстау абақтысына қамап, қылмыстық іс қозғады. Тергеу мәліметінше, ол тыйым салынған ИГ* ұйымының операцияларына қатысқан.

«Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 257-бабы 2-бөліміне (Террорлық ұйымдарға қатысу) сәйкес айыпты деп таныды және сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті», — деп судья Нәйла Жүнісова үкімді оқыды.

Жігітке бұл бап бойынша ең жеңіл жаза беріліпті. Сонда да әпкесі сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.

Тағы оқыңыз: «19 рет тұрмысқа шықты»: Сириядан оралған қазақ әйелінің әңгімесі

«Ол ешқашан әскери қақтығыстарға қатысып, теракт ұйымдастырған жоқ. Тергеудің бар дәлелі – оның Сириядағы әскери лагерьде болғандығы. Онда күштеп апарды емес пе», — дейді жігіттің әпкесі.

Туыстарының айтуынша, сотталған жігіттің ата-анасы 15 жасында ұлын Түркияға алып кетіпті. Отбасында бір қарындасы бар екен. Жігіттің анасы қарындасымен Түркияда қалады да, әкесі ұлымен бірге Сирияға аттанады. Бір жылдан кейін 16 жасқа толғанда, бозбаланы әскери дайындық лагеріне алып кеткен. Бұл жасөспірімдерге міндетті шарт, дейді жігіттің туыстары. Бір жылдан кейін ол лагерьден қашып кетіп, күрдтердің тұтқынына түсіп қалады.

«Тұтқында отырып Қазақстан үкіметіне, Қызыл Крестке босатуды сұрап хат жазған. Қазақстанға, туыстарына оралғысы келген еді», — дейді жігіттің әпкесі.

Тағы оқыңыз: Таяуда ғана Сириядан елге қайтарылған 20 адам қамауға алынды — ҰҚК

Қазір сотталған жігіттің отбасы да Қазақстанда. Әкесі терроризм және экстремизм үшін айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

ИГ* — Қазақстанда және бірқатар елде тыйым салынған террорлық ұйым.



sputniknews.kz