Сириядан қайтқан 20 қазақстандық терроризм күдігімен ұсталды
Қазақстанға Сириядан оралған 20 қазақстандық террорлық іс-әрекеттерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы 13 мамырда «Жусан» арнайы операциясының қорытындысы жайлы баспасөз мәслихатында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді.
– 16 ер және төрт әйел Нұр-Сұлтан, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды мен Шымкент қалаларындағы террорлық іс-әрекеттерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталды. Қалған 55 әйел мен балалар арнайы бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Қазір медициналық тексеруден өтіп жатыр, карантин тағайындалған, олармен психологтар жұмыс істеп жатыр, жеке басын анықтайтын құжаттарын қалпына келтіру қолға алынды, террорлық іс-қимылға қатысын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады журналистерге Ержан Ашықбаев.
СІМ өкілі террорлық іс-әрекеттерге қатысқандар «қылмыс жасауға қатысқаны дәлелденген жағдайда Қазақстан заңдарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын» айтты. Ержан Ашықбаевтың сөзінше, 7-9 мамыр аралығында 230 қазақстандықты Сириядан Қазақстанға жеткізген «Жусан» арнайы операциясына АҚШ пен «Сириялық демократиялық күштер» қолдау көрсеткен.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы «Жусан» операциясы аясында Сириядан Қазақстанға жеткізілгендер арасында «көбі мектепке дейінгі жастағы 156 бала, соның ішінде 18 жетім бала бар» деп хабарлаған.
Биыл 9 қаңтарда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жусан» арнайы операциясы аясында Сириядан 47 қазақстандықтың елге қайтарылғанын жария еткен. Назарбаевтың сөзінше, олардың арасында «әйелдер мен 30 шақты бала» болған.
2018 шілде айында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-ге жуық азаматы кеткені туралы хабарлаған. ҰҚК мәліметінше, Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдар қатарында қазақстандық 120 ер, 250-ден астам әйел және кәмелетке толмаған 500 бала бар.