Сириядан оралған ақтөбелік әйел сотталды

0

Әйелдің экстремистік сипаттағы аудио және видеоролик таратқаны белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Ақтөбе қаласында теріс діни ағымның жетегінде кетіп, діни экстремизм мен терроризмді насихаттаған әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

№2 Ақтөбе қалалық сотында ҚР қылмыстық кодексінің 233- 1-бабының 2-бөлігі мен 164-бабының 1-бөлігіне (ескі редакциядағы) сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Ақмарал Алмағамбетоваға «діни экстремизм мен терроризмді насихаттады» деген айып тағылды.

Сот отырысы 22 тамызда өтті. Сот талқылауында Ақмарал Алмағамбетова радикалды сипаттағы діни ағымды ұстанып, ауыр санаттағы қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны анықталды.

«Ол 2013 жылдың 27 тамызында Қырғызстан арқылы Түркияға, кейін қыркүйек айында Сирияға барған. Бұл уақытта онда соғыс жүріп жатқан. Алмағамбетова 2014 жылдың қаңтар айында Сирияда жүріп, байланыс желілері арқылы діни экстремизм мен терроризмді насихаттаумен айналысты», — делінген Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Тағы оқыңыз: «19 рет тұрмысқа шықты»: Сириядан оралған қазақ әйелінің әңгімесі

Сотқа дейінгі тексеру барысында Алмағамбетова өз кінәсін толығымен мойындап, келісім жасауға ниет білдірген.

«Ақтөбе облысының №2 сотының 2019 жылдың 22 тамызындағы үкімімен Ақмарал Алмағамбетова кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.



sputniknews.kz