Сириядан оралған әйелдердің бастан кешкен сұмдығы
Сирияға отбасымен бірге аттанған екі әйелдің тағдыры ұқсас: екеуі де күйеуі мен ұлынан айырылған
НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде — Sputnik. Күйеуінің соңынан Сирияға кеткен қазақстандық әйелдер шайқас алаңына қалай тап болғанын, сондай-ақ жат жерде бастан өткерген қиындықтары жайлы әңгімелеп берді.
Түркістан облысы Шардара ауданының тұрғыны Гүлжан әскери ұрыстар аумағына 2016 жылы отбасымен бірге барған. Бұған дейін отбасы Қазақстанда тұрып, кейін Түркияға жол тартады, деп хабарлады Otyrar.kz.
Әйелдің айтуынша, оның күйеуі теріс діни ағымды ұстанып, отбасын Сирияға көшіріп әкеткен.
«Күйеуім Сирияда бауырлары бар екенін, бізді жақсы күтіп алатынын айтты. Ол жақта бәрі жақсы, біз Сирияда тұруымыз керек, өйткені ол жақта ислам бар дегенді алға тартты. Сирияға Түркия арқылы өттік. (…) Алдымен екі күнге жуық бір шағын ауылда болдық, кейін жолбасшы бізге Сирияға жаяу жетуге көмектесті», — дейді Гүлжан.
Әйелдің айтуынша, әскери ұрыстар алаңына келгенде күйеуі екеуінің бес баласы болған, тағы екеуін Сирияда босанады. Дегенмен бір жылдан кейін Гүлжан күйеуінен айырылады, ал тұңғыш ұлы минаға түсіп қаза болған.
Тағы оқыңыз: 19 рет тұрмысқа шықты — Сириядан оралған қазақ әйелінің әңгімесі
«Жалғыз ұлым болды. Ол құрдастарымен ойнап жүріп, минаны басып кетті», — дейді әйел.
«Ұлым жанкешті болды»
Ранияның отбасы Сирияға келе салысымен неше түрлі сұмдыққа куә болған. ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қатарында соғысқан күйеуі сол жылы-ақ снайпердің оғынан қаза тапқан.
«Оларды алдап-арбап, алдыңғы шепке аттандырды. Күйеуімнің жолдасы ауыр жараланып, көмек сұраған. Күйеуім көмекке барғанда снайпер оның аяғынан, кейін арқасынан атқан», — дейді қазақстандық.
Біраз уақыттан кейін Ранияның үлкен ұлы көз жұмады.
«Бір күні тамақ іздеп үйден шығып кетіп, қайтып келгенде үлкен ұлымды таппай қалдым. Ол заттарын жинап, бауырларына кететінін айтыпты. Қайтып оралмайтын шығар деп уайымдадым. Біраз уақыттан кейін көршім келіп, жақсы жаңалығы бар екенін, менің ұлым шахид (жанкешті лаңкес – Sputnik) болғанын айтты», — деп есіне алды Рания.
Қазіргі таңда әйелдер балаларымен бірге Қазақстанда тұрып жатыр. Олар отанына «Жусан» гуманитарлық операциясы арқасында оралды.
sputniknews.kz