Сириядан оралған 7 қазақстандық тергеліп жатыр
Азаматтардың кінәсі дәлелденсе, олар Қазақстанда жазаға тартылады
АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. Терроризмге қатысы бар деген күдікпен Сириядан оралған жеті қазақстандыққа қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Рақымбердиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
9 қаңтар күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сирияда террористердің қолында кепілде болған 47 қазақстандықтың елге қайтарылғаны туралы мәлімдеме жасаған болатын. Олардың ішінде 6 ер адам мен 1 әйел террористік қызметке қатысты деген күдікке ілінді.
«Олардың шетелде қандай жағдайда болғаны жіті тексеріледі. Тиісті шешім қабылданады, соңғы нүктені сот қояды», — деді Рақымбердиев сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Комитет өкілі азаматтардың кінәсі дәлелденген жағдайда, олар Қазақстанда жазаға тартылатынын нақтылады.
Оларды азаматтығынан айыру мәселесі де соттан кейін шешіледі.
«Азаматтығынан айыруға қатысты, бұл норма президенттің бастамасымен заңнамалық тұрғыда енгізілген болатын. Қазіргі таңда қақтығыс аймағындағы бірқатар азаматқа қатысты бұл шара қарастырылып жатыр. Мүмкін, сот шешімімен жүзеге асатын шығар», — деді Рақымбердиев.
Тағы оқыңыз: Сирияда содырлар 3 қазақстандық әйелді өлім жазасына кесті
Айта кетсек, қазақстандықтарды эвакуациялау бойынша өткен «Жусан» операциясы кезінде 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала елге қайтарылды. Олардың барлығы Қазақстанға өз еркімен келді.
Тағы оқыңыз: Министрлік cириялықтарға тұрмысқа шыққан 21 әйел жайлы айтты
Алдын ала мәлімет бойынша, қазір Сирияда кәмелетке толған 380 және кәмелетке толмаған 500-ге тарта қазақстандық жүр.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/