Сириядан оралған 19 жастағы азаматтың үкімі өзгеріссіз қалды

0
58

Батыс Қазақстан облысының апелляциялық алқа соты биыл қаңтарда Сириядағы абақтыдан босап шығып, Қазақстанға оралған 19 жастағы Абай Хамзулиновке шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы сәрсенбі, 31 шілдеде «Уральская неделя» басылымы хабарлады.

Маусымның 20-сында Орал қалалық соты оны «террористiк топтың әрекетіне қатысу» бабымен кінәлі деп тауып, сегіз жылға түрмеге кескен.

Тергеу мәліметіне қарағанда, Хамзулинов «Ислам мемлекеті» террористік топ құрамында жаттығудан өтіп, қызметіне араласқан. Алайда Хамзулинов оны жоққа шығарды. Басылымның жазуынша, сотталған азамат Қазақстанға жеткен бойда уақытша ұстау абақтысына қамалып, үстінен террористiк бабы бойынша іс қозғалған.

«Абайдың әкесі Қазақстанды тастап Түркияға кеткен кезде оның жасы небәрі 15-те еді. Жаз мезілі болғандықтан, ол сапарды Абай мен оның қарындасы жазғы демалыс деп білген», – деді Хамзулиновтың адвокаты Хибат Темиргалиева.

Іс материалдарына сәйкес, Абайдың әкесі Руслан Хамзулинов ислам дінін ұстанады. 2015 жылы әйелі мен екі баласын алып, Түркияға кеткен. Арада бір жыл өткеннен соң яғни Абай 16-ға толғанда әкесі Сириядағы «Ислам мемлекеті» бақылауындағы аумаққа алып кеткен.

«Соғысуға үйренесің бе, жоқ па, деп бізден ешкім сұрамайды. Әншейін, балаларды Сирияға алып барады. Онда барлығында қару бар, ұлдарды автоматты шашып, қайта жинауды, оқ ату мен әскери және террористік операциялар ұйымдастыруды үйретеді» деген тергеу кезінде Абай Хамзулиновтың өзі. ​

Жас жігіттің сөзінше, тапсырманы орындамағаны үшін үлкендер жазалаған, тіпті өлтіріп тастаудан да тайынбаған.

Хамзулиновтің әпкесі Сәуле Курьян «Абай ешбір терактіні ұйымдастыруға қатыспады. Тергеу мәліметтерінде оның Сириядағы әскери лагерьде болғаны ғана айтылады. Оны лагерьге баруға мәжбүрледі. Оның дайындықтан өткені рас, бірақ Абай терактілерге қатыспады» дейді.

Сотталған азаматтың туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсірмек.

Газет «Хамзулиновті ата-анасы Түркияға 15 жасында әкеткен. Олардың Сирияға кетуіне әкесінің діни көзқарасы себеп болды. Хамзулиновтің әкесі жұбайы мен қызын Түркияда қалдырып, ұлымен бірге Сирия шекарасына өткен. 16 жасқа толғанда Абайды балаларға арналған әскери даярлық лагеріне әкетеді. Бір жылдан соң Абай ол жерден қашып, күрдтердің қолына түскен» деп жазады.

Абай Хамзулиновтің адвокаты жоғарғы сотқа шағым түсіру жайын қарастырып жатқанын айтты.

Қазір Хамзулиновтің отбасы мүшелері түгел Қазақстанда тұрады. Қамауда отырған әкесінің үстінен терроризм мен экстремизм бабы бойынша іс қозғалған. Ал анасы Венера Хамзулинова сотты ұлының қоғамдық қорғаушысы болды.

Azattyq