Сирияда үш ресейлік сарбаз қаза тапқан
Ресейдің қорғаныс министрлігі Сирияда үш ресейлік сарбаз қаза тапқанын хабарлады. Министрліктің 25 наурыз күні таратқан хабарламасында әскерилердің ақпан айының соңында Сирия шығысындағы Дейр-эз-Зор провинциясында болған лаңкестер шабуылы кезінде мерт болғаны жазылған.
Министрліктің айтуынша, ресейлік әскерилер кемінде 30 лаңкестен құралған шабуылға қатысы бар топтың ізіне түсіп, жойған. Бірақ министрлік бұл операцияның нақты қашан болғанын ашып жазбаған.
Ресейдің ресми орындарының мәліметінше, Сирияда қаза тапқан ресейлік әскерилер саны 115-ке жеткен.
Ресей Сирияда әскери операциясын 2015 жылы күзде бастаған. Ол ел президенті Башар Асад әскерін қолдап, елдегі сегіз жылға созылған азаматтық соғыста Асадтың басымдыққа ие болуына ықпал еткен.