Синтетикалық есірткіге тәуелді жігіттің жанайғайы
Богданның оқыған, көзі ашық азамат екені бірден байқалады. Баяу сөйлеп, әңгіме арасында біршама уақыт үнсіз қалғанына, әлденені кенет ауырсына қалған дене қимылына қарап қана басына қиын іс түскенін аңғаруға болады. Богдан сөз арасында жүрегі ауыратынын, қатты арықтағанын айтты. 22 жастағы азамат бірнеше ай бойы синтетикалық есірткі пайдаланған. Ол өзін әлі де «скорость» есірткісін қолданушылардың қатарына қосып сөйлейді.
Мамандығы мұғалім Богдан бұрын спортпен шұғылданған. Өмірі бір қалыпты өтіп жатқан: «жұмысы – жақсы, көлігі – жайлы». Дербес өмір сүруге ұмтылып, ата-анасынан бөлек тұрған. Өзінің айтуынша, кездесіп жүрген қызының сатқындығын білген кезде, қайғысын ұмыту үшін алғаш рет «скорость» деп аталатын синтетикалық есірткінің дәмін татып көрген.
— Бұрын «скорость» есірткісін пайдаланатындарды жек көретінмін. Оларды ұрған кездерім де болды. «Скорость» сатушылар айтқандай жеңіл зат емес. Бірінші татып көргеннен-ақ ағзада тәуелділік туғызады. Мен де есірткіден бас тарта алмай қалдым. Есірткіні шегіп те, иіскеп те пайдаланатынбыз. Бір рет дәмін көрген адам тоқтай алмайды. Бұл – психологиялық тәуелділік. Есірткі сатылымы да желілік маркетинг сияқты. Жалғыз өзі есірткі қолдануға қорыққан адам міндетті түрде досын жанына қосып алады, — дейді Богдан.
Ол есірткі тұтынушылар қатарында балалар да болғанын көріп, қайран қалғанын айтады.
— Бірде есірткі алатын орынға бардым. Ол жерде маған [сатушы] пәтер терезесінен есірткі орамасын лақтыруы керек еді. Ауладан 13 жастағы қыз бен 15 жастағы жасөспірім баланы көрдім. Көзі алайып, бүктетілген күйі қыз ауладағы орындықта қалды, бозбала есірткі әкелуге кетті. Мұны көріп, қатты таңғалдым. Есірткі сататын орынның жанында полиция бөлімшесі тұр. Есірткі алушылар бұған мән бермейді. Кейбіреулер апарып-әкелетін такси жалдап, жүргізушіден қажет жерге тоқтауын сұрайды. Тиісті орыннан есірткісін алады да, көлікке қайта отырып, кетіп қалады, – дейді Богдан.
«ОТБАСЫН ҚҰРЫП, ЖҰМЫС ІСТЕГІМ КЕЛЕДІ»
Богдан синтетикалық есірткіні жеті ай бойы пайдаланған. Кейін екі ай бас тартып, шыдай алмаған соң, ескі әдетіне қайта оралған. Соның кесірінен отбасы теріс айналып, бастығы жұмыстан шығарған. Біраз уақыт такси жүргізушісі болып жан баққан Богдан ақша жетпеген соң банктен несие алып, қарызға батқан.
Богданның есебінше, бір айда ол «киви» онлайн жүйесі арқылы есірткі сатушыларға 460 мың теңге аударған. Оның сөзінше, синтетикалық есірткіге салынған кейбір адам ақша тапшылығынан «закладка» дайындаумен (тасымалдаушылар қолданатын есірткі алатын жердің координаттары – ред.) айналысып кетеді. Богдан ондай жағдайға түсіп үлгермегенін, ата-анасы дер кезінде оңалту орталығына жатқызғанын айтады.
— Бұл тәуелділіктен құтыларым, не есірткіге қайта ораларым әлі белгісіз. Бірақ өзгеру ниетім бар. Отбасын құрып, жұмыс істегім келеді. Өмірі жақсы адам есірткіге ешқашан жоламайды. «Закладка» тауып алса, өртеп жібереді. Ал адамның ерік-жігері әлсіз болса, өмірінде қиындық туса, мұндай сәтті пайдалана қоятындар табылады, – дейді Богдан.
Азаттық тілшісі кездесуге барғанда Богдан оңалту орталығында екі аптадан бері жатқанын айтты. Оған ата-анасы келіп тұрады. Өзінің айтуынша, жақындарымен қарым-қатынасы түзеліп келеді. Ол оңалту орталығында әлі бір жарым жыл емделеді.
«ПОЛИЦИЯНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТАДЫ»
Қазақстан қалаларындағы тұрғын үйлер мен ғимараттар қабырғасында, қақпа сыртында синтетикалық есірткі мен оларды саудалайтын сайттарды жарнамалайтын, есірткі жасыратын орындар дайындап, ақша табуға шақыратын хабарламалар саны артып келеді.
Полиция есірткінің бұл түрімен күрестің қиындығын бұрын «заңның осалдығынан астыртын жұмыс істейтін химиктер шығарған синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін тыйым салынған заттардың ұлттық тізіміне енгізіп үлгермейміз» деп түсіндіретін. Олардың сөзінше, осы себептен есірткінің кей түрлерін заңсыз деп тану мүмкін болмаған.
Сарапшылар осыған дейін кең таралған синтетикалық есірткілердің өзінтыйым салынған психотропты заттар мен есірткі қатарына жатқыза алмағанын айтады. Мәселен, синтетикалық препараттар тобына жататын, адамның миына психтропты әсер ететін pvp (пи-ви-пи) мен мефедрон (амфетамин мен катионды қолдан синтездеу кезінде алынатын есірткі) бұған дейін тыйым салынған заттардың ұлттық тізімінде болмаған.
Шілде айында Қазақстанда жаңа қаулы қабылданды. Қазір күшіне енген қаулыға сәйкес, бақылауға алынатын есірткі, психотропты заттар мен прекурсорлардың (есірткі құрамына кіретін заттар – ред.) жаңа тізімі бекітілген. Одан бөлек заңсыз айналымнан табылған есірткі және психотропты заттар, олардың баламалары мен прекурсорларын шағын, ірі және аса ірі көлемге жатқызу бойынша кесте жарияланды. Кестеде есірткі және психотропты препараттарды алмастыратын заттардың да тізімі бар. Жаңартылған тізімді интернеттен табуға болады.
Құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түскен синтетикалық есірткіні зерттейтін қазақстандық сарапшылар жаңа қаулыға зор үміт артады. Олар жаңа ережелерден кейін полиция есірткі тарататын орындарды анықтап, істі сотқа беру бойынша белсенді бола түседі деп үміттенеді.
— Енді сараптамаға әкелген затты бірден есірткіге жатқызуға болады. Химиялық формуласы сәйкес келіп, бірақ сутегі атомдарының орнын басушылары табылса, оны есірткі заттары деп танимыз. Бұл сараптама жұмысын оңайлатып, құқық қорғау органдарының қызметіне серпін беруі керек. Олар мәселеге жылдам назар аударады. Бұрын көп препарат тыйым салынған заттар тізімінде болмағандықтан, істің көбі кері қайтарылатын. Енді бізге жаңа өзгерістерге үйрену үшін жұмыс істеп көру керек. Жаңа ереже барлық құрылым жұмысына оң әсер етеді деп есептеймін.Есірткі БҰҰ мен Еуразия қауымдастығының тізімінде болып, Қазақстандағы тізімнен табылмаса, енді оны бірден енгізеді, – дейді Қарағандық облыстық сот сараптамасы институтының сарапшысы Марина Чупина.
Республика көлемінде және жергілікті жерде синтетикалық есірткі дайындап, таратқандардың ұсталғаны туралы ақпарат аз. Сарапшылардың айтуынша, оларды ұстау мәселені шешпейді. Өйткені орнына жаңа адамдар келіп, кәсіпті жалғастыра береді. Сарапшылардың пікірінше, ең әуелі синтетикалық есірткі жасап шығаратын жасырын зертханаларды тауып, тасымалдайтындармен күресу керек.
Елдегі есірткіге тәуелді азаматтар арасында «астыртын жұмыс істейтін зертханалар шетелде ғана емес, Қазақстанда да бар» деген қауесет тараған.
Қазірге дейін мұндай зертханалардың орны анықталып, жұмысы тоқтағаны туралы хабарланбаған. Жаңа ережелердің жасырын зертханаларды анықтауға, синтетикалық есірткі таратушылар мен жеткізушілерді жауапқа тартуға сеп болар-болмасы әлі белгісіз.