Сібір өзендерін Аралға бұрғаннан гөрі су бөлісіне жаңа технологияны енгізген ұтымды

0

Таяуда Алматыда аймақтық «Орталық Азиядағы су ресурстарын тұрақты басқару және пайдалану мүмкіндіктері жүйесіндегі инновациялық қадамдар мен шешімдер» конференциясы өтті. Жиында талқыланған мәселенің бірі Сібір суларын Арал теңізіне бұру туралы болды.

Мұндай жоба әуелде 1983 жылы қолға алынып, 1986 жылы тоқтатылған еді. Алматыдағы жиында «Сібір-Арал» немесе «Трансқазақстандық канал» түрінде аталған жобаны қайта қолға алу үшін Ресеймен келіссөз жүргізу, Сібір суларын Орталық Азияға бұруды заманға сай геосаяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыда зерттеп, бағасын беру, техникалық экономикалық базасын қайта қарау ұсынылды. Жүзеге аса қалса, бұл жобаның Қазақстанды тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуге тиімді болатыны және биологиялық алуандықты сақтауға септігі тиетіні айтылды.

Алайда Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалының директоры, 1981-1990 жылдар аралығында мелиорация және су шаруашылығы министрі болған гидротехник Нариман Қыпшақбаев бұл жобамен келіспейтінін айтады. Маман Азаттыққа берген сұхбатында Сібір суларын Аралға бұрудың әсері қалай болатыны және Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердегі су бөлісі жайлы ойларымен бөлісті.

«ҚЫТАЙ ЕРТІС СУЫН БҰРУҒА КӨНЕ ҚОЙМАС»

Азаттық: Сібір суларын Арал теңізіне бұру туралы мәселе жыл аралатып барып, бой көрсетіп қалып жүр. Алматыда өткен конференцияда осы тақырыпта бір емес, үш маманның баяндамасы ұсынылды. Оның екеуі қазақстандық мамандарға тиесілі. «Казприводхоз» институтының директоры Анатолий Рябцев Обь, Ертіс және Катунь өзендерін Орталық Азияға бұрудың ықтимал жолдарын атады және оның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды. География институтының директоры Ахметқал Медеу Ертіс суының 70 пайызы қазір Ресейге ағып жатқанын, әлемдік тәжірибе бойынша оны теңдей пайдаланудың жөн болатындығын айтады. Жиында бұдан басқа Сібірдегі су тасқынының жыл сайын қайталанатыны, болашақта климаттың жылынуынан Обь, Ертіс, Енисей және Лена өзендеріндегі судың молаятыны Сібір суын Арал теңізіне, Орталық Азияға қарай бұрудың ілігі ретінде аталды. Бұл онсыз да түпкілікті шешілмеген Орталық Азиядағы су мәселесіне, жалпы Аралдың жағдайына қалай әсер етуі мүмкін? Сібірден жеткізілетін су қаншалықты өзін-өзі ақтайды?

Нариман Қыпшақбаев: Сібір суларын Арал теңізіне бұру жайы жетпісінші жылдардан бастап қозғалып, 1986 жылы тоқтатылған еді. Совет одағының құлағанына 30 жылдай болса да, қазір ескі жобаның қайта көтерілуі мені қатты таңғалдырады. Суды Ертістен алудың да, Обь өзенінен бұрудың да реті жоқ.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев. Алматы. 27 желтоқсан, 2019 жыл.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев. Алматы. 27 желтоқсан, 2019 жыл.

Ертіс суын бұру үшін Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының болашақ дамуын шектеу керек болады. Мен осыған қарсымын. Ертіс суын Қызылордаға әкелу Сырдарияның суын Өзбекстан мен Қырғызстанға қалдырамыз дегенді білдіреді. Ал канал қазып, су бойындағы облыстардың дамуын қамтамасыз еткен күннің өзінде, Ертістің суы Қызылорадаға алып келуге жетпейді деген бұрынғы қорытынды әлі де маңызды деп санаймын.

Орталық Азия елдерінің күнкөріс көзіне айналған Әмудария мен Сырдариядан ағатын жылдық мөлшері 100 миллиард текше метр судың 20-25 миллиард текше метрін каналдарда жоғалтып жатырмыз. Сібірден әкелетін суымыздың да мөлшері осындай. Аралға жеткенше Сібір суын каналдың бойында егістіктерде жоғалтып алатын болсақ, пайдасы қандай болғаны?

Ертістің басында отырған Қытайдың да бұған қалай қарайтынын ескеру керек. Қытайлар онсыз да Ертіс пен Іле мәселесі сөз бола қалғанда Қазақстанмен шектесетін Шыңжаң аймағындағы су тапшылығы жайлы жиі ескертеді. Бұрын Шыңжаңда 20 миллион халықтың су тұтынатыны айтылушы еді, енді қазір 100 миллион халық туралы сөз болып отыр. Қазақстан-Қытай арасындағы су мәселесін реттеу үшін құрылған ортақ комиссия арқылы кейбір мәселені шешіп алғанымызбен, Ертістің суын бері бұрамыз дегенге Қытай көнеді деп айта алмаймын.

Ал Обь өзенінің суын бері бұрайық десек, қымбатқа түспек. Обь суын Сырдария өзені мен Шардара су қоймасына жеткізгенше бір текше метрі қазіргі бағамен алғанда үш долларға шығып кетеді. Норма бойынша жан басына күніне 200 литр су қажет болады. Отбасыда бес адам болса, күніне бір текше метр су қажет. Сонда бір айға 90 доллар төлеу керек. Бұл Орталық Азия елдері үшін қымбатқа түседі. Сондықтан да Сібір өзендері суын бері бұру шындыққа жанаспайды деп есептеймін.

Әлі күнге Орталық Азиядағы 70 миллиондай тұрғын сегіз миллион гектар жерді кетпенмен қопсытып, қолмен суарып келе жатыр. Жаңбырлатып суару кең тарамаған, тамшылатып суару да енді ғана қолға алынған. Әсіресе, мақта мен күріш өсірудің машақаты мол, оны суарудың да шығыны көп. Егер қаржы соншалықты көп болса, неге шаруашылыққа бөліп, каналдарды жөндемеске? Неге ауыл шаруашылығында жаңа технологияға көшпеске?

«АРАЛДЫ ҚОРҒАУДА ІС БАЯУ»

Азаттық: Қазір Арал теңізін құтқару мен сақтаудың мүмкіндігі қандай болып жатыр? Сырдария мен Әмударияның суы бәрібір Аралды құтқаруға жетпейді ғой.

Нариман Қыпшақбаев: Аралды қорғау туралы сөз жүзінде айтылғанымен, іс баяу. Арал теңізіне жылына 25 миллиард текше метр су керек, бірақ сонша су түсіп жатқан жоқ. Тек Қазақстанның Кіші Аралды сақтауы дұрыс қадам болды. Жағдай бұрынғы қалпына келді деп айта алмаймын, дегенмен балық аулау шаруашылығы жанданып, Кіші Аралды сақтау қадамының халықтың көкейіне қонғаны байқалады.

Әмудариядан су алатын Түркіменстанды айтпаған күннің өзінде, Сырдың бойында Орталық Азияның төрт елі күнелтіп отыр. Осы төрт мемлекет Сырдария суын 150 пайызға дейін пайдаланады. Анықтай айтқанда, Сырдарияның бір рет қолданылып шыққан суын екінші рет қайтадан шаруашылық үшін тұтынамыз. Бұл – Аралдың қайда кеткені туралы сұраққа жауаптың бірі болса керек. Әлгінде айтылған Орталық Азиядағы сегіз миллион гектар суармалы жердің төрт жарым миллион гектары Әмударияның жағасында болса, үш жарым миллион гектары Сырдың бойында орналасқан. Сырдың 35 миллиард текше метр суынан біз 50 миллиард текше метр су аламыз. Барлық мекендерден, өндіріс орындарынан шыққан бір рет қолданылған 10-12 миллиард текше метр суды қайтадан егістікке, шаруашылыққа қолданып отырмыз. Сырдың суын 150 пайызға пайдалану дегеніміз – осы.

Қария мен теңіз. Азаттықтың деректі фильмі:

Азаттық: Ғылыми мекемелердің зерттеуі бойынша, 2040 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның суы 20-25 пайызға азаюы мүмкін. Яғни, су азайғанның үстіне азаймақ. Орталық Азияда осының алдын алу үшін қандай да бір шара қарастырылған ба?

Нариман Қыпшақбаев: 20 пайыз дегеніміз – алты миллиард текше метр су. Ал бізде бүгін бір қасық артық су жоқ. Аймақ елдерінің демографиясына қарасақ, жыл сайын жарты миллиондай адам қосылып жатыр. Бұл да суға қажеттілікті арттырады.

Бірнеше жыл бұрын біз Ғаламдық су серіктестігімен және Күріш институтымен бірігіп, Сырдың бойында мынандай тәжірибе жасадық. Қызылордадан төмен 10 гектар жер алып, күріш егіп, суды әдеттегіден азайтып беріп отырдық. Күріш егілген жер үстелдің бетіндей теп-тегіс болуы керек, судың қалыңдығы да бірдей 20 см болуы керек. Дақылдардың ішінде күріш осындай ерекше күтімді қажет етеді. Күріштің тұқымына да қатысты арнайы талаптар бар. Тәжірибені осындай шартпен жасадық. 2040 жылға қарай егістікке суды азайтып беріп, бірақ қазіргіден кем емес өнім алуға бола ма екен, соны сынақтан өткіздік. Идея – келе жатқан апатқа дайындықты пысықтау. Нәтижесінде 17 пайызға дейін суды азайтып, өнімділікті де ұстап тұруға болатынына көз жеткіздік. Бұл – бар болғаны 10 гектар жерде болған тәжірибе. Ал Қызылорда облысында осындай 200 мың гектар алқап бар.

Азаттық: Сырдарияның бойындағы өзге елдердің тәжірибесі қалай шықты?

Нариман Қыпшақбаев: Сырдың бойында мұндай тәжірибені өзбектер де жасап, біздегідей нәтиже көрсетті. Бірақ тәжіктер Сырдарияның емес, Зарафшанның бойында тәжірибе жасаса, қырғыздар Таластың бойына кетіп қалды. Сондықтан бұл жолы Сырдария суынан Орталық Азия аймағы бойынша толыққанды қорытынды шығара алмай қалдық. Қалай болғанда да болашақ апатқа бірігіп әзірлену керек. Сырдарияның бойындағы бұрыннан қалыптасқан су бөлісі тәртібін сақтауымыз керек. Өкінішке қарай, алдын-ала есептеліп қойылған осы тәртіп орындалмайды. Сырдың бойындағы төрт ел бірігіп, ортақ суды әділ пайдалану керек деген жайды ескермейді.

Азаттық: Ескеру үшін не істеу керек?

Нариман Қыпшақбаев: Оның амалы – су шаруашылығын автоматтандыру. Мәселен, Қорғас өзенінде салынған «Достық» плотинасының Қазақстан және Қытай жағынан екі бірдей автоматизацияланған диспетчерлік пункт қойдық. Оның бағдарламасына 1965 жылғы қалыптасқан су бөлісі тәртібін енгіздік. Қазір біз Қытай жағына қанша су кетіп жатқанын, қытайлар бізге қанша су келіп жатқанын бақылап отыр. Қазақстанда тағы да бірнеше өзеннің бойында осындай автоматты құрылғы қойылмақ. Өкінішке қарай, Орталық Азиядағы өзге елдермен арада осындай автоматизацияланған тәртіпті жолға қоя алмай келеміз. Қалай болғанда да Сібір өзендерін бері бұрғаннан гөрі қолдағы бар судың өзін бөлісуде аймақтағы елдердің жаңа технологияны енгізгені ұтымды деп есептеймін.

Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет.

Azattyq