«Шырылдап анасына араша түскен»: Гүлмира Әбіқай Түркістан облысында өлім құшқан әйелге қатысты деректерді бөлісті
Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында Түркістан облысында бір әйелдің өлімімен аяқталған жантүршігерлік оқиға туралы жаңа деректерді бөлісті. БАҚ өкілінің сөзінше, оған ерлі-зайыптының 8 сыныпта оқитын үлкен қызы аудиохабарлама жіберіп, отбасында болған жайтты егжей-тегжейлі айтып берген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, үйдегі төрт баланың үлкені 8 сыныпта оқиды. Журналист жасөспірім қыз отбасында орын алған қатыгездікке куә болғанын айтады. «Шырылдап анасына араша түскен, полиция шақырған, жедел жәрдемді қарсы алған да сол. «Фельдшер келіп анамның құжатын сұрады, 83-ші жылғы, жас екен ғой», — дегенде анамның өлгенін біліп қойдым» — дейді баланың үлкені. Маған 10 минуттық аудио жіберіпті, анасының қалай өлім құшқанын егжей-тегжейлі жеткізіпті. Сұмдық… Кешкі 7-де басталған қорлау түнгі 2-де өліммен аяқталды. Адамнан жан шығу оңай ма, қайран әйел аттай жеті сағат қарсыласқан. Кішкентай балалардың қатыгез әкеге шамасы қайдан жетсін… Апасын (әкесінің анасын) шақырады, оны тыңдайтын бала қайдан?! Нұрайдың айтуынша, полиция келгенше апасы анасын ұрған моншадағы сынған бөтелке, үйдегі пештің темірлерін жинастырып орнына қойып қойған. Анасының қан киімдерін де тығып үлгерген», — дейді ол.
Гүлмира Әбіқай айғақты жоюға әрекет жасаған адамның ісі де дұрыс емес деген пікірде. Журналист осы орайда марқұм әйелдің туыстарының өтінішін жеткізді.
«Марқұмның туыстары қылмыстық істі тергеуді аса қатыгездікпен өлтірді деген баппен жүргізуін сұрайды», — дейді журналист. Айтуынша, марқұмның әпкесі тергеуді Шымкент ПД жалғастырса деген өтініш айтқан. Ал полицияның мәліметінше, аталған жайт Ордабасы аудандық ПБ-де Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі «кісі өлтіру» бойынша тіркелген. «Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жолданды. Күдікті өзінің әрекетін мойындап, өкінішін білдіруде. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтайтын болады», — дейді Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі. Белгілі болғандай, күдікті ер азамат қамауға алынған. Сонымен қатар, облыстық ПД әкімдік қызметкерлері мен полиция бөлімінің басшылығы жәбірленушінің туыстарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. «Ерлі-зайыптының ата-аналары кәмелетке толмаған төрт баланы өз қамқорлығына алатынын айтып отыр. Сондай-ақ балаларға психологиялық көмек көрсетілген», — делінген ресми хабарламада.