«Шыңжаңның шырғалаңы». Қуғынға ұшыраған зайырлы қазақ әулеті
“МӘДЕНИ ГЕНОЦИД” ДЕҢГЕЙІНДЕГІ РЕПРЕССИЯ
Нидерландыдағы Global Voices үкіметтік емес медиа ұйымының сайтында “Жазушылар мен музыканттардың қазақ отбасы Шыңжаңда шырғалаңға түсті” деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда Қытайдағы репрессиядан жапа шеккен қазақтардың тағдыры баяндалады. Шыңжаңның жергілікті түркітілдес халықтарының өкілдерін қамауда ұстап отырған жабық мекеме – “қайта үйрету лагеріне” Оралбай әулетінің үш мүшесі қамалған.
Зиялылар отбасы алты бала тәрбиелеп өсірген. Олардың екеуі – Гүлайша мен Қабыт Қазақстанға көшіп, сол елдің азаматтығын алған. Олар Шыңжаңда тұратын бауырлары – Ділшат, Жұратпен және әпкелері Бағила, Бақтыгүлмен бірнеше жылдан бері хабарласа алмай отыр.
47 жастағы Гүлайша бірнеше адамнан Бағила, Бақтыгүл мен Ділшаттың 2018 жылғы мамырда қамауға алынғанын естіпті. Ал аналары Ауахан Құрманқызы мен үлкен ағалары Жұрат қазір үйқамақта отыр.
Гүлайша Шыңжаңда — Іле өзенінің бойындағы табиғаты көркем жерде өткен балалық шағын есіне алады. Олар ән мен күйге жақын болып өскен, бала күнінен қазақтың халық әндерін айтып, домбыра шерткен.
“Алайда, көбіне мұсылмандардан тұратын басқа жергілікті түркі халықтарының (ұйғыр, қырғыз, дүңген, татарлар) өмір салты Қытай коммунистік партиясы жүргізіп отырған репрессия кесірінен жойылып барады, көп жұрт мұны мәдени геноцидке балайды. Қытайдың коммунистік партиясы аймақты 21 ғасырдың антиутопиясына айналдыра бастаған үш жылдан бері миллионнан астам мұсылман Оралбай әулеті сияқты қиын жағдайда қалды”, – деп жазады басылым.
Қытай үкіметі Шыңжаңдағы сот үкімінсіз жаппай тұтқындап, түрмеге қамау әрекеттін “дерадикализация шарасы” деп ақталуға тырысады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жиырма шақты мемлекеттің сыни пікірінен соң Пекин “қайта тәрбиелеу лагерлерін” “білім беру орталықтары” деп атауға көшті.
Лагерьдегі «бақытты өмір және халал тамақ» (7 қаңтар 2019 жыл).
Оралбай әулеті сияқты зайырлы да білімді, компартияға қарсы шықпайтын адамдарды қуғындау әрекеті “бұл пікірдің жалған екенін айғақтайды” дейді мақала авторы. Әулеттің бар баласы қытай тілінде таза сөйлейді, соңғы жылдары олар Куйтун қалашығында тұрған, достарының арасында қытайлар көп.
Гүлайшаның айтуынша, банкте жұмыс істейтін бауыры Жұратты отбасының басқа мүшелерімен бір мезетте қамауға алған. Кейін денсаулығына байланысты оны үйқамаққа ауыстырған. Қысқа видеосұхбат кезінде туыстары Жұраттың мұрны қанап тұрғанын байқаған.
Гүлайшаны әсіресе талантты домбырашы әрі жазушы інісі – Ділшаттың тағдыры алаңдатады. 1985 жылы университет бітірген соң ол көп тексерістен өтіп, Қытай Коммунистік партиясына мүшелікке өтеді. Кейіннен түрлі басылымдарда журналист, редактор болып жұмыс істейді, ғылыммен айналысып, Шыңжаң қазақтары арасындағы белгілі тұлғаға айналады. Ол қазақ және қытай тілдерінде көп мақала жариялап, дарынды аудармашы ретінде де танылған, 15 кітап пен 30-ға тарта мақаланы қытайшадан қазақша аударған. Ғылыми және журналистік еңбектері үшін ондаған марапат алған ол 2008 жылы Қазақстанға көшіп, сол жерде бизнес ашқан. Қамауға алынғанға дейін оған үш операция жасалған. Қазақстанда ықтиярхатпен тұрып жатқан ол 2016 жылы туыстарымен қауышу үшін Шыңжаңға кетіп, содан оралмаған. Сол кезде Қытай үкіметі этникалық азшылық өкілдерінің паспорттарын тартып ала бастаған, сөйтіп бұрындары Қазақстанға емін-еркін барып-келіп жүргендер Шыңжаңда қалып қойған.
Бақтыгүл Куйтундағы қалалық газетте журналист болып істеп, кейін өзінің шағын баспа компаниясын ашқан. Баспаның жанында шағын сұлулық салонын басқарған әпкесі Бағила екеуі бір-біріне өте жақын болған. Бақтыгүлдің жолдасы Куйтундағы педагогика университетінің асханасын басқарған.
Гүлайшаның айтуынша, оның сіңлілері мен бауыры Жұрат Шыңжаңдағы “лагерьде” жатыр. Білетіндердің дерегі бойынша, олар 7-ден 15 жылға дейін қамауға алынған.
“Шыңжаңда ең кемі бір жарым миллион қазақ тұрады. Қытай Коммунистік партиясының аймақтағы репрессиясы көбіне шетелдермен (тіпті Қытаймен достық қарым-қатынаста саналатын Қазақстан сияқты елдермен) байланысы бар тұрғындарға бағытталған, – деп жазады Global Voices. Басылымға берген сұхбатында “лагерьде” қамауда болған бірнеше адам тарихи отандарымен байланыста болғаны үшін қуғынға ұшырағандарын айтқан.
ШЫҢЖАҢНАН ҚАШҚАН ҚАЗАҚТАРҒА ШЫҒАРЫЛҒАН ҮКІМ
Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде жарық көрген “Шыңжаңнан қашқан тағы екі қазақ депортацияланбайтын болды” деп аталған мақалада Қазақстанда “мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті” деп айыпталған Шыңжаңнан қашқан қазақтардың тағдыры жайлы сөз болады.
Азаттық Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдыры туралы көп жазған. Сейсенбі, 22 қаңтар күні Зайсандағы сот оларды Қытайға шығарып жіберместен, бір жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
“Бұл – қуғын-сүргін мен қамаудан қашып, Қазақстанға заңсыз өткен этникалық қазақтарға қатысты сот процестерінің соңғысы. Қытай басшылығы барлығының төлқұжаттарын алып қойған, соның кесірінен олар шекараны заңды негізде кесіп өту мүмкіндігінен айырылған”, – деп жазады Diplomat.
Видео: «Шыңжаңнан қашқан» Әлімұлы мен Мұсаханұлы Қытайға қайтарылмайды (21 қаңтар 2020 жыл).
Мақалада Жаркенттегі Тілек Тәбәрік пен Қайша Ақанның және көп әңгіме болған Сайрагүл Сауытбайдың істері туралы айтылған.
“Соттар мен қауіпсіздік құрылымдарынан бастап, жоғары басшылыққа дейінгі Қазақстанның билік құрылымында бұл мәселеге көзқарасы әркелкі бірнеше топ бар. Осы кезге дейін Қазақстанның соттары қысқа уақытқа бас бостандығынан айыру не шартты түрде соттау арқылы Қытайға депортациялаудан бас тартып, [айыпталушыларға] жанашырлықпен қарап келді. Қазақстан сот жүйесінің белгілі бір дәрежедегі тәуелсіздігі (бірақ бұл басқа кезде дәл осы жағдайдағыдай анық көрінбейді) Нұр-Сұлтанның Пекин қойған талапқа көнбегенін ақтап алуға ыңғайлы”, – деп жазады Diplomat.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің төрағасы Дархан Ділманов былтыр желтоқсанда журналистерге берген сұхбатында Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы елден шығарылады деген.
“Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдеріне Қытайдың “ұйғырлар мен басқа да мұсылман азшылығы өкілдерінен экстремистік қауіп бар, сондықтан оларды қамап, қайта тәрбиелеу керек” деген ұстанымымен келісу ыңғайлырақ болар”, – деп жазады Diplomat.
Оның үстіне, Қазақстан жоғарғы басшылығын да ұмытпаған жөн. “Былтыр желтоқсанда немістің DW ақпараттық телеарнасына берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңжаңда ұсталған этникалық қазақтар тақырыбы әдейі әсіреленіп отыр деген. Қазақстан мен Қытай арасында осы жайт төңірегінде келіссөздер болды ма деген сұраққа жауап берген Тоқаев Америка мен Қытай арасындағы сауда соғысы туралы айтты және “бұл геосаясаттың бір бөлігі екенін түсінеміз” деді. АҚШ үкіметінің 2019 жылдың соңғы айларында Шыңжаң мәселесі бойынша қысымды күшейткенін сауда соғысымен байланыстыруға болар, бірақ Тоқаев осы жайт бойынша Қазақстанның өз ішінде күшейген наразылық тақырыбын да айналып өтті”, – деп жазады Diplomat.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙ БАҒАСЫНА ТӘУЕЛДІ ҚОРЛАРЫ
Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтында “Мұнай бағасы арзандаған тұстағы Қазақстанның қоры” деген мақала жарық көрді, онда пайдалы қазбаны сатудан түскен қаржы жинақталатын Қазақстанның ұлттық қоры мен квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың басын біріктіретін “Самұрық-Қазына” қорындағы динамика сарапталған. Автордың айтуынша, “Тұрақты мұнай нарығының арқасында Қазақстанның ұлттық қоры позициясын нығайтса, елдің тағы бір қоры – “Самұрық-Қазына” жекешелендіруді әупіріммен жүргізіп жатыр”.
Қазба байлығының арқасында Қазақстан постсоветтік дағдарыс жағдайындағы елден табысы ортадан жоғары елдер қатарына қосылды. Қазір Қазақстанда екі мемлекеттік қор жұмыс істейді. “Ресейдегі дағдарыс пен әлемдегі мұнай бағасының құлдырауынан болған бірнеше жылдық тоқыраудан соң қорлардағы жағдай тұрақтаған сыңайлы”, – деп жазады Eurasianet.org.
2000 жылы құрылғалы бері Ұлттық мұнай қоры активтерін 660 миллионнан 61,9 миллиард долларға дейін өсірді. Бұл – Норвегия, Сауд Арабиясы сияқты елдердің қорларындағы қаржымен салыстырғанда мардымсыз ақша. Десе де, мемлекеттік әл-ауқат институтының мәліметіне сенсек, Ұлттық мұнай қоры да, “Самұрық-Қазына” да активтерінің көлемі жөнінен әлемдегі ең ірі 25 қор қатарына кіреді.
2014-2015 жылдардағы мұнай дағдарысы мен Ресейдегі рецессия тұсында Қазақстанда ұлттық валюта үнемі құнсызданып, экономика өсімі баяулады. Қазақстан ұлттық қордан республикалық бюджетке көп қаражат тартты. Мемлекет бұл қаржыны теңге бағамын шекті аралықта ұстап тұруға жұмсағанымен, ақыр соңында нарықтың қысымына шыдамай, ұлттық валютаны “еркін жүзуге” жіберді. Сол кезде теңгенің айырбас бағамын қолмен ұстап тұруға 28 миллиард доллар жұмсалды дейді автор.
Соңғы кездері мұнай бағасының қайта өсуі Қазақстан қорларының қайта актив жинауына мүмкіндік берді. “Самұрық-Қазынаның” өз болжамы бойынша, алдағы төрт жылда оның активтері жыл сайын он пайызға ұлғайып отырмақ.
“Самұрық-Қазына” қоры “Қазақтелеком”, Air Astana және “Қазатомпром” сияқты Қазақстанның ұлттық компанияларындағы басқару пакеттеріне иелік етеді. Соңғы мәлімет бойынша, оларда 300 мыңдай адам жұмыс істейді. Алайда, дағдарыстан кейінгі кезеңде “Самұрық-Қазынаның” активтерін жекешелендіру әрекеттері толық сәтті болды деу қиын. “Қазатомпромның” 15 пайыз акциясын сатқанда үлкен дүрбелең болды, одан кейін бұл іс кібіртіктеп қалды. Air Astana мен “Қазақтелеком” жекешелендіруге 2019 жылы-ақ дайын болған, бірақ Нұр-Сұлтан табысты боламыз деп үміттеніп, бұл процесті 2020 жылға шегерді. Былтыр “Қазмұнайгаз” ұлттық мұнай компаниясын жекешелендіру де кейінге қалдырылды деп жазады Eurasianet.org.