Шыңжаңдық жас жұбайлар Бейжіңге атпен 99 күнде жетті
Ерлі-зайыптылар Шыңжаңның Тарбағатай аймағынан Қытай астанасы Бейжіңге екі атқа мініп сапарға шыққан болатын. Олар мақсаттарына жетуге 99 күн уақытын жұмсаған, деп хабарлайды Қытайдың Ағажай-Алтай ақпарат порталы.
Бұл туралы 2021 жылдың 2 желтоқсанында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкелік үкіметі өткізген баспасөз мәслихатында айтылды. Қытайлық ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, күйеуімен бірге Бейжіңге сапар шеккен қазақ әйелі Жайна Еркінқызының жасы 25-те. Ол Сауан ауданы Болтунгу ежелгі қалашығы Кенаген ауылының тұрғыны. Оның отбасында 5 адам бар. Жайна күйеуі, екі кішкентай ұлы және қайын енесімен бірге тұрады. Олар осыдан үш айдан астам уақыт бұрын ағайын туыс, достарымен ақылдаса келіп, неше мыңдаған шақырым қашықтықтағы Қытай елінің астанасы Бейжіңге атпен бару шешімін қабылдағанын айтады. Оның айтуынша, атпен жүрген бұл ұзақ жолдары қиыншылыққа емес, қызыққа толы болған.
Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сенсек, олар өз ауылынан Бейжің қаласына атпен жетуге тұп-тура 99 күн уақыт кеткен. Осы сапарда 120 000 юаньға (8160 000 теңге көлемінде – авт.) жуық ақша жұмсалған. Оның барлығын өз еңбегімен тапқан. Шыңжаңнан ел астанасына жолға шығуы жас жұбайлар үшін өмірлеріндегі ең есте қалатын оқиға. Жолда әртүрлі өңірлерден өтіп, 40 градустық аптап ыстықты сезініп, шөлді аймақтардың қиындықтарына шыдап, табиғат сынына төтеп берген. Сондай-ақ, жолда кездескен түрлі этнос өкілдерінің өздеріне жасаған көмектері де көп болған. 99 күндік ұзақ жолдан кейін Жайна Еркінқызы мен күйеуі туған жеріне оралып, отбасы мен ауылдастарына жолдағы көрген-білгендері мен елдегі үлкен өзгерістер туралы әңгімелеп берген. Айта кетейік, олар мал бағумен айналысады, жылқы, сыйыр және қой сияқтыларды бағады. Жайна қазіргі тұрмыстық жағдайларының жақсы екенін айтады.
«Мен тауда өстім, оныма еш өкінбеймін. Қазіргі уақытта туған жерімде асфальт жол үйімнің табалдырығына дейін апарады. Су, жарық, интернет қосылған. Ауылдастар науқас көрсетуден еш қиналмайтын болды. Балаларымыз бала бақшадан бастап тегін оқиды. Сонымен қатар мектепке барғанда тамақ, жатын орын субсидиялары бар. Біздің үйде қазір 300-ден астам қой, 40 неше бас сыйыр, 20-дан астам жылқы бар. Өзіміздің еңбектенуіміздің арқасында тұрмысымыз күннен-күнге жақсарып келеді» дейді Жайна Еркінқызы.