Шыңжаң лагерьлеріндегі этникалық қырғыздар жайлы ақпарат расталмады

0

Қырғызстанның сыртқы істер министрі Шыңғыс Айдарбеков 22 ақпанда Үрімжіде Шыңжай-Ұйғыр автономиялық өлкесі үкіметінің төрағасы Шохрат Закирмен кездескен. Тараптар өзге мәселелермен бірге «саяси тәрбиелеу лагерьлері» туралы да талқылаған.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Шохрат Закир аймақтағы терроризм мен діни экстремизммен күрес шаралары туралы айтқан. Лагерьде болған азаматтар түрмеге ұқсататын мұндай орталықтарды Закир «кәсіптік-техникалық білім беру орталығы» деп атап, онда азаматтарды түрлі кәсіпке баулитынын айтқан. Соның арқасында ұсақ құқықбұзушылық үшін осында түскен азаматтар қосымша білім мен тәжірибе алады, бұл олардың жұмысқа орналасып, маңдай терімен ақша табуына көмектеседі деп айтқан.

«Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің халықтық үкімет төрағасы Шохрат Закир тәрбиеленушілердің этникалық құрамын айтпады. Соған қарамастан аталған орталықтарда этникалық қырғыздар бар деген ақпарат расталмады» деп хабарлады Қырғызстан СІМ.

Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысымға ұшырауы және ондағы лагерьлер туралы ақпарат 2017 жылдың басынан бастап шыға бастады. БҰҰ дерегінше, мұндай лагерьлерде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкін. Қытай мұндай қамау орталықтарының барын мойындағанмен оларды түрлі «кәсіпке баулитын мекеме» ретінде көрсеткісі келеді. Олар қамау орталықтарында «батыс құқық қорғаушылары айтқандай, қысым мен азаптаудың жоқ екенін» айтады. Қытай билігінің түсіндіруінше, мұндай амалдар Шыңжаң аймағында терроризм мен экстремизм қаупін сейілтіп, азаматтарды «радикалды діни ағымдар» жетегінде кетуден сақтайды.

Қытайда тұратын этникалық қазақтардың туыстары бұған дейін Қазақстанның ірі қалаларында баспасөз конференциясын өткізіп, Астана мен Пекиннен көмек сұраған. Кейбір азаматтар Қазақстандағы Германия, АҚШ елшіліктеріне барып, мәселеге араласуын өтінген.

Бұған дейін Қытайдың батысындағы жағдайға байланысты Еуроодақ, Human Rights Watch ұйымы алаңдаушылық білдірген.​

Азаттық