«Шынтағы мен иығы қанжоса»: Астанадағы оқушы қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты
Бұған дейін полиция қыздың жүрегі тоқтап қалды деген болжам жасаған еді. Қыркүйектің 10-ы күні Астанада қаңырап бос тұрған ғимараттан мәйіті табылған оқушы қыздың денесінде қан іздері көп болған. Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мәлім етті, деп хабарлайды Kznews.kz
Оның айтуынша, 10 қыркүйек күні бос тұрған ғимараттан қыз баланың мәйіті табылды деген ақпаратты полиция қызметкері хабарлаған. Фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Астана қаласы Байқоңыр аудандық полиция департаментінің қызметкерлері «қыз бала газға уланып, жүрегі аяқ асты тоқтап қалды» деген қорытындыны алға тартып отыр. Яғни, олар бұл өлімді жазатайым оқиғаға теңемек, Бала өлгеннен бері тергеу бір орнынан жылжыған емес. Қыздың ата-анасын «ертең хабарласамыз» деп алдай береді», — дейді Дина Таңсәрі.
Оның айтуынша, сол күні оқушы мектептен кейін серуендеймін деп сұранған. Бірақ, кеш қарая бастаған соң атасы оны іздей бастаған. Телефоны өшіп тұрған екен.
«Туған-туысы бірден полицияға қоңырау соққан. Ал, сағат түнгі он шамасында полиция телефон шалып, баланың мәйітін таптық деген. БАҚ өкілдерені «баланың мәйітінде зорлық-зомбылықтың ізі жоқ деген» ақпарат таратылды. Алайда, туған-туысының бізге жіберген суретінде оның қолында жара бар екені, әсіресе, екі алақаны мен жұдырығы қанағаны, шынтағы мен иығы қанжоса екені анық байқалады. Осыдан қарап-ақ өлер алдында ол әлдекімнен қашып, әлдекіммен төбелесіп, жаны үшін арпалысқанын түсінуге болады. Яғни, бұд жазатайым оқиға емес», — деп жазады Дина Таңсәрі.