Шыңғыс Мұқан 27 жасында қалай облыс әкімінің орынбасары атануға болатынын айтты

0

Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары, Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан Қазақстанда нағыз саясаткерлер жоқ деп санайды. Қазір ірі мұнай компаниясында вице-президент қызметін атқарып жүрген ол жоғары лауазымды жетістік санамайтынын жасырмады. Саясаткерлер мен отандық журналистерге неге көңілі толмайтынын Шыңғыс Мұқан Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Шыңғыс Мұқан

Әңгімесін Гарвардтан емес ауылдан бастауды жөн санаған экс-шенеунік ауылда мал бағып жүрген балаға Алматы қаласына оқуға түсу асыл арман болғанын айтады. Мектеп бітірген соң қазақстандық жоғары оқу орындарының біріне ақылы бөлімге түседі. Журналистер отбасында өскен жігіт оқып жүріп, «Жас алаш» газетінде төрт жыл тілші болып жұмыс істейді. Экономика, мұнай саласының қыр-сырын игеріп, әлеуметтік тақырыптарда көкжиегін кеңейтеді. Газеттегі жұмысы мемлекеттік лауазымға келуіне себепші болады. Гарвардқа түсу қаншалықты қиын деп сұрағанымызда: 

-Елде 14 жылға жуық еңбек еткен соң, шетелге оқуға түстім. Оның ішінде 7 жыл журналистика – «Жас алаш» газеті және аймақтық «Жайық пресс» медиа холдингі, 7 жыл мемлекеттік қызметте. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқуға мүмкіндік алдым. Гарвардқа түсу қиын. Мысалы, мемлекеттік басқару ісінің магистратурасына түсу ішін кемінде 7 жыл еңбек өтілі болуы керек. Мен түскен жылы 70 мемлекеттен 200-ге жуық студент келіп түсті. Бүкіл жер шары алақандай аудиторияда отырғандай көрінетін. Студенттер тәжірибелі адамдар болды. Біздің топтың орташа еңбек өтілі 15 жыл болды. Арасында министрлер де, елшілер де, әйгілі журналистер де, белгілі қоғам қайраткерлері де, өкімет еліне сыйдырмай, шетелді паналап жүрген оппозионерлер де болды. Жай студенттер емес, әрқайсы бір-бір елдің өкілі дерсіз. Студенттер бір-бірінен көп үйренетін. Қай елдің қандай жетістіктерге жетіп жатырғаны жөнінде көп мәліметке қанығасың. 

Шыңғыс Мұқан

Журналистиканы жаным қалап тұрады деген экс-шенеунік Қазақстандағы журналистердің жұмысына көңілі толмайтынын айтады. Ал сөз бостандығы туралы: 
— Америкадағы журналистер өз міндетін мінсіз атқарады екен. Америкада тұрған 2 жылда осыған көзім жетті және журналистика туралы пікірім мүлдем өзгеріп кетті. Бізде олай емес, жабық тақырыптар көп, жанкештілік жоқ. Журналистика кез-келген қоғамның арын түгендеп жүретін, ненің жақсы, ненің жаман екенін анықтайтын, жамандық болса түбіне жеткенше қайтпайтын, қоғамды алға сүйрейтін кәсіп. Сондықтан, халық жаршысы болу үшін белгілі бір деңгейде журналистерге жанкештілік керек.
Журналистика қай уақытта дамиды? Мемлекет демократиялық құндылықтарды тек қағаз жүзінде жариялап қоймай, шынында да қоғам демократиялық принциптермен өмір сүретін болса ғана дамиды. Журналистикаға нәр беріп тұрушы – демократия. Демократия болмаса, сөз бостандығы да болмайды. Ал қоғамды демократияға жетелейтін бірден-бір кәсіп иелері де журналистер. 
27 жасында Атырау облысы әкімінің орынбасары болуға шынымен де біліктілігі әкелді ме, әлде аға-көкелердің қолдауы болды ма дегенімізде: 
— Cол кезде қатарластарымның ішінен ең ақылдысы едім деп айта алмаймын. Менен ақылды да, білікті те, білімді де адамдар көп. Лауазымды қызметтерді тағайындаудың өзіндік тәртібі бар. Облыс әкімдерін президент сайлайды. Әкім өз орынбасарлары мен аудан-қала әкімдерін, басқарма басшыларын өзі ұсынып, өзі тағайындайды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мені сол қызметке лайық көрді. Ұсыныс сол кісіден түсті. Ол кісінің не үшін мені таңдап, тағайындағанын сұраған жоқпын.
Бірақ не үшін мені тағайындағанын былай топшалаймын:
Біріншіден, ол кісімен бірге жұмыс істегенмін. Менің кемшіліктерім мен артықшылықтарымды жақсы біледі. Оның үстіне Атырау мұнайлы өлке болғандықтан, менің мұнай, қаржы туралы көп жазғаным бар.
Екіншіден, мемлекеттік қызметке біраз төселіп қалғанмын. БҚО аппарат басшысының орынбасары, президент әкімшілігінде сектор меңгерушісі, Энергетика-минерал ресустар министрлігінің баспасөз хатшысы болдым.

Шыңғыс Мұқан

Бізде мемлекеттік жұмысқа тұру үшін міндетті түрде «тіреуің» болу керек деген пікір бар. Сіздің де осындай жоғары лауазымдарда жүруіңізге күмәнмен қарайтындар бар шығар?

-Бай-бағланның баласы емеспін. Әкем журналист болды, кәсібіне адал болды. Сонысынан да көп таяқ жеді. Анам ата-енеге қызмет етіп, бала бағып, өмір бойы үй шаруашылығында. Өзіме келсем, мал бағып, егін салып ауылда өстім. Мектеп бітіріп, Алматыға аттанарда мініп жүрген атымды сойып сатып, жолпұл етіп кеткем. Мүмкін менің бағым шығар. Алматыға келгенде қызметке тұру былай тұрсын, тұратын жер табудың өзі мұң болған. 
Алғаш газетке қалай тұрдың десеңіз, менің әпкем Гүлнәр Мұқанова «Түркістан» газетінде тілші болып істейтін. Қаржы саласында біраз зерттеулер жүргізіп, мақала жаздым да, әпкеме жібердім. Алғашқы мақалам осылай «Түркістан» газетіне шықты. Әпкелі-інілі бір газетте жүрмес үшін «Жас алаш» газетіне қаламақыға жазып жүрдім, көп ұзамай осы газетке жұмысқа тұрдым.
Әкем марқұм «Жаратқанның жасар жақсылығы сол, жақсы адамдарды жаныңа жуытады» деп жиі айтатын. Осыдан бес жыл бұрын осы сөз төңірегінде көп ойланып, өмірімде ізі бар адамдарды санап шықтым. Өмірге әкелген ата-анам мен бірге өскен бауырларымды қосқанда жиырмадан асты. Арасында мұғалімдерім, достарым, әріптестерім, басшыларым, бір ақылы жолымды ашқан кездейсоқ адамдар да болды. Әр адамның маңдайына жазылған тағдыры бар деп ойлаймын. Сол тағдырға кейде өзің емес, төңірегің ықпал етіп жатады. Бір қызығы, бұл тұжырымға ғылыми негіз бар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп жатады ғой. Сол сияқты жақсы адамдармен жуысып жүру де жарты бақ. «Жақсы адам» дегенде қызметке қатысты айтып отырған жоқпын. Адам ретінде өсіретін, жүріс-тұрысы үлгі болатын, өмірде көргені көп адамдарды айтамын.   
Ал қазір маған қызмет маңызды емес, қызық жұмыс маңызды. 
Мемлекеттік лауазымнан Гарвардқа оқуға түсу үшін бас тарттым деп айтып қалдыңыз. Сонда бұл шенді қызметтен кетудегі жалғыз себеп пе? 
Себебі көп. Білігім сәйкес келер жұмыс болса, мемлекеттік қызметке қайтып ораламын. Мемлекеттік басқаруды оқыдым. Қазіргі таңда қоғамда сұрақ көп. Ол сұрақтардың көбіне өркениетті қоғамдар жауап беріп қойған. Сондықтан қазір бір жағынан ағартушылықпен айналысып жүрмін.
Менің өмірлік негізгі миссияма адам дамуы мен ана тіліміздің мәртебесін көтеру кіреді. Әсіресе, жастарды қазіргі әлемдік ойлау жүйесіне кіріктірсем деймін. Осы мақсат жолында кеше ғана алғашқы кітап жарық көрді. Әлі таныстырып үлгермедік.
Шетелдік ғалымдардың ақыл-ойын және түрлі концепцияларды қазақ тілінде қалыптастыру үшін, сондай-ақ, әлемдік үздік кітаптарды қазақша сөйлету үшін «Топ 10» деген серия шығарып отырмыз. Бұл серияға «Көшбасшылық», «Отбасы», «Байлық», «Менеджмент», «Маркетинг»,  «Экономика» деген атпен тағы да басқа кітаптар енді.
Көшбасшылық бойынша әлемде 7500 кітап жазылған екен. Соның ішінен саралап, ең үздік он кітапты таңдап, бір кітаптың бойына сыйдырдық. Сол мықты кітаптардың ең нәрлі, маңызды тұстарын қысқаша мазмұндап, ықшамдап бердік. Қазіргі қоғамдық-ағартушылық жұмысым мемлекеттік қызметте отырғаннан маңыздырақ болып тұр. 

Шыңғыс Мұқан

Нұрлан Ноғаевтың тұсында да қызмет атқардыңыз. Бұрынғы басшыңыздың адами қасиетін айтып өтіңізші.
Жаратқан жақсы кісілермен жұмыс істеуді жазған екен. Ең алғашқы бастығым белгілі журналист, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек болатын. Көп нәрсе үйрендім. Бір кездескенімде үйренген бір сабағымды айтып бердім. Ол кісі жинай бер, бір күні мемуар жазасың деп әзілдеп қойды. 
Бақтықожа Ізмұхамбетовтен үйренгенім ұшан-теңіз. Ол кісі мектепті алтын белгімен бітірген, математикаға жүйрік, домбыра мен гитараның құлағында ойнайды, қазақтың көп ақындарының өлеңдерін жатқа біледі. Өзі де өлең жазып жүреді. Кейде кабинетіне шақырып алып, мына шумақтар түнімен мазалап шықты деп, таңда туған өлеңін оқып беретін. Өте жылдам, батыл шешімдер қабылдай алады. Дақпырт үшін емес, нәтижеге жұмыс істейді.  
Танитын әр адамның атын естігенде көз алдыңа сол адамның бейнесі елестейді ғой. Нұрлан Ноғаев дегенде бойында қазақтың қайнаған қаны бар іскер атпал азамат көз алдыма келеді. Ол кісінің мемлекеттік қызметтегі алғашқы өлшемі – қазақ тілі. Хаттардың қазақша жазылуы, хаттама-құжаттардың қазақша толтырылуы өте маңызды. Қаламды кәсіпке айналдырған менің өзім асығыстау хат алып кірсем, қатемді тауып беріп отыратын. Өз еңбегімен, ақыл-парасатымен келе жатқан адам. Қай іс-әрекетінде, қай сөзінде болмасын қазақ тілінің жанашыры екені сезіліп тұрады. Іскерлігі мен басшылығы өз алдына бөлек әңгіме. 
Жалпы, басшы болуды бізде еш оқу үйретпейді. Тәжірибемен келетін дағды. Ал шетелде көшбасшылық меткептен оқытылады. Басшы болудың қалыптасқан қағидалары бар. Жұрт басшыны сол талаптармен бағалайды. Бізде көшбасшылық кенже қалған ілім. Қазір көшбасшылық ілімімен де айналысып жүрмін.  
Қазақстанда ерекше құрметтейтін саясаткеріңіз бар ма?

— Мен бұл сұраққа ойланып көрмеппін. Айта алмаймын.
— Неге?
— Өркениетті әлемде қалыптасқан түсінікке салсақ, саясаткер болу үшін кісі әділ сайлаудан өтіп,  халық таңдауымен саяси қызметке келу керек. Бізде президенттерден басқа халық таңдаған саясаткер жоқ. Сондықтан мен айта алмаймын. Аудандық, мейлі, облыстық әкім сайлауларында жарып шығып, халық таңдаған шенеунік болса, онда айтуға болатын еді. Сондықтан да Қазақстанда толық мағынасындағы саясаткер жоқ деп ойлаймын. Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар, бірақ саясаткерлер жоқ.

Cұхбаттасқан: Жанна Мәлік

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz