Шымкенттің бай ауданында қайыршылар жантүршігерлік жағдайда тұрып жатыр

0

Шымкенттегі бай-бағландардың үйлері бой көтерген аймақта төрт қайыршы бір отбасы болып өмір сүріп жатыр. Олардың бірі жетім болса, екіншісі II топтағы мүгедек, ал үшіншісі бауырларынан безіп кеткен кейуана екен. Халықтан қайыр сұрап, күніге жейтін нандарын тауып жүрген жұпыны жандардың жағдайын Ernur.kz сайтының тілшісі біліп қайтқан деп жазады NUR.KZ.

Фото: Ernur.kz/ Коллаж NUR.KZ

Фото: Ernur.kz/ Коллаж NUR.KZ

Шырайлы қаладағы Д.Қонаев пен Т.Тәжібаев көшелерінің қиылысында орналасқан қайыршылардың үйі көзге бірден түсе қоймайды. Сырты қоршалған, іші қоқысқа толы, адам көзіне көрінбейтін бұл мекенге екі ай бұрын барар жерлері, басар таулары жоқ жандар келіп қоныстаныпты.

Фото: Ernur.kz

Фото: Ernur.kz

Автомектеп пен жанармай бекетінің маңындағы есік-терезесі жоқ, бос қабырғадан құралған «баспанада» тұратын қайыршыларды, тіпті, қала тұрғындары да танып алған көрінеді. Бұл арадан күнде өтетін студент жігіт те оларды байқағанын айтады.

«Онда 4-5 қайыршы тұрады. Олар күнде 8-9 шамасында сол жерден шығып күні бойына қайыр сұрап, жол жиегін жағалап жүреді де, күн батқанда қайта келіп осы жерге жиналады. Оны мән беріп қарамаса, көпшілік бірден байқамайды», — дейді студент.

Қайыршылардың жағдайын білетін қала тұрғындары өздерінен қалған тамақтарын есікке іліп кетеді екен. Алайда жақын маңда тұрған жанармай бекетінің қызметкерлері бұл жандарға отты көп жақпауды ескертіпті. Енді олар тамақтарын пісірген соң бірден отты өшіріп тастайды екен.

Фото: Ernur.kz

Фото: Ernur.kz

Бір жанұя болып кеткен қайыршылардың арасында тепсе темір үзетін Арман есімді азамат бар. 28 жастағы жігіт Арыстағы балалар үйінің тәрбиеленушісі екен. Колледж оқып жүргенде қайыр тілеп бастаған ол 13 жылдан бері осы жұмысқа үйреніп қалғанын айтады. Қасына итін ілестіріп жүретін азамат, тіпті, басқа жұмысқа еш зауқы жоқ екенін де жеткізген. Арман Алматыда тұратын жалғыз әпкесімен де араласпайтын көрінеді.

Фото: Ernur.kz

Фото: Ernur.kz

Ал 44 жастағы Ирада II топтағы мүгедек екенін айтты. Жастайынан ата-анасынан айырылған ол туыстарымен тіл табыспай, үйінен кетіп қалыпты. Содан бері 14 жыл көлемінде қайыр тілеп, күн көріп жүр екен.

Фото: Ernur.kz

Фото: Ernur.kz

Отбасыдай ұйытқып отырған жандардың арасында орыс тілді кейуана да бар болып шықты. Атын айтпауды өтінген азаматша осыдан 14 жыл бұрын үйінен кетіп қалыпты. Содан бері оны бауырлары да, жақындары да іздемепті.

«Қазір мен жалғыз емеспін, Арман мен Ирада менің ұлым мен қызымдай болып кетті. Біз 14 жылдан бері бірге тұрамыз, ал Асхат бізге арасында қонаққа келіп тұрады. Біз адамдардан алған ақшамызға тамақ сатып аламыз, қоқыс жәшіктерінен киім-кешек, төсек, ыдыс-аяқтардың жарайтынын алып пайдамызға жаратамыз. Біз ұзақ уақыт бірге тұрып бір отбасы болып кеттік», — дейді ол.

Әжей атап өткен Асхат есімді азамат Шымкенттегі үйлердің бірінде тұрса да, анда-санда бұл қайыршыларға мейман болып кетеді екен. Олар әңгіме айтып, қарындарын тойдырып, арқа-жарқа болатын көрінеді.