Шымкенттің «Арбаты» ашылды — Аймақ|01 Желтоқсан 2018, 21:41
Фото: автор
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Шымкентте «Арбат» ашылды. Қала орталығындағы Бейбітшілік көшесінің бір бөлігіне орналасқан Арбаттың ұзындығы 430 метр, ал ені 35 метрді құрайды.
Күннің суығына қарамастан, Арбаттың ашылуына қала тұрғындары көп жиналды.
Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылы мен Әл-Фараби алаңы аралығындағы Арбат аумағы демалыс және шығармашылық аймақтарына бөлінген. 7 субұрқақ орнатылып, арнайы суретке түсу үшін селфи-аймақ жасалған. Оның жанында шынымен қапталған сарқырама бар.
Арбаттың орта тұсында гранитке Қазақстанның атлас-картасы бедерленген. Бұл да жаяу жүргіншілер жолының бір аймағына айналады. Ал Арбаттың ұзына бойы екі жағына әрі түрлі пішіндегі орындықтар қойылған.
Арбаттың басталған тұсынан соңына дейін төбесіне періште пен қолшатыр пішіндегі жарық инсталляциялар ілінген. Сонымен қатар, Арбаттың Республика даңғылынан басталатын тұсына арка орнатылып, жағалай веложолақ төселген.
«Биыл Елбасының жарлығымен Шымкент қаласы – республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанынан кейін жаңа тарихи кезеңге аяқ бастық. Миллионнан астам тұрғыны бар қаламыз еліміздегі үшінші мегаполиске айналды. Әлемдегі барлық дамыған қалаларда тұрғындарға арналған қоғамдық демалыс орындары бар. Міне, бүгін, 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күнінде қаламызда осындай керемет демалыс орны ашылып, қала тұрғындарына пайдалануға беріліп отыр. Сіздерді мерекеге орай осындай қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Арбаттың құрылысы өткен тамызда басталып, төрт айға жалғасты. Құрылыс жұмыстарын барынша тездетіп, халықтың қуанышына тапсыруға тырыстық», — деді қала әкімі.
Сондай-ақ ол демалыс алаңын салған құрылысшыларға да алғысын білдірді.
«Көше бойына арнайы әсемделген декоративті плиталар төселді. 150-ден астам жарықшамдары мен орындықтар қойылды. Жаздың ыстық күндерінде мұнда керемет демалуға барынша жағдай жасалды. Осы көше бойындағы жасыл желектерді сақтай отырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін әдемі мәдени орынға айналдырдық. Жаңа Арбат тұрғындардың көңілінен шығады деген үміттемін. Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны болатынына сенемін. Барлық шаңыраққа сәттілік, құт-береке тілеймін. Осы жұмысты атқаруға атсалысқан барлық құрылысшыларға алғыс айтамын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын», — деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та Арбат көшесі барлық Оңтүстік жұртының арманы болғанын атап өтті.
«Бұл – бәріміздің арманымыз еді. Сол арманымыз – Тұңғыш Президент күні жүзеге асып отыр. Мұның барлығы да ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс», — деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент Арбатының қандай болатыны туралы видео жариялаған болатынбыз.
ФОТОЛАР: Жәнібек Нұрыш
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ