Шымкенттік Сүйін Абулданың апелляциялық шағымын сот қанағаттандырмады
7 наурызда Шымкент қалалық соты «жалған куәлік берген» деген айыппен бас бостандығынан айырылған азаматтық белсенді Сүйін Абулданың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы Азаттыққа қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби хабарлады.
Өткен жылы 10 желтоқсанда Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты Сүйін Абулданы Қылмыстық кодекстің «Сарапшының, маманның көрінеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма» деген бабы бойынша айыпты деп танып, белсендіні 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Әл-Фараби соты Абулдамен бірге істі болған Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясының бұрынғы жетекшісі Марат Жұмановты «көрінеу жалған сөз жеткізген» және «жалған айғақ бергені» үшін бес жылға бас бостандығынан айырған.
Сот үкімімен кейін Абулда Азаттық тілшісіне үкіммен келіспейтінін және оның саяси астары бар деп санайтынын мәлімдеген. Ол алаяқтық ісі бойынша тергеуге берген куәлігі бұрмаланып, кейін өзіне айып ретінде тағылғанын айтқан еді.