Шымкенттік студент смартфонның радиациясын азайтатын қаптама ойлап тапты
Киізден жасалған қаптама смартфонды қызып кетуден, өшіп қалудан сақтайды
НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. Шымкенттік студент Ерасыл Анарханұлы смартфонға арналған антирадиациялық қаптама ойлап тапты.
«Қазір ұялы байланыс құралдары біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сол смартфонның электр тарату қуаты 3 Вт. Ал радицаия таратуы 9 Герц. Электромагниттік өріс арқылы магниттік энергия бөліп өзіне тәуелді етеді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша смартфон балалардың миына 80 пайыз, жасөспірімдерге 50 пайыз, ересек адамдарға 30 пайыз күш түсіреді», — деді жас өнертапқыш Шымкентте өткен қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясында.
Смартфонды 100 процентке дейін қуаттау аккумуляторды тоздырады
Оның айтуынша, смартфоннан бас тарта алмағанымызбен одан денсаулыққа келетін зиянды айтарлықтай азайтуға болады.
«Оны менің жобам – антирадиациялық қаптама арқылы іске асыруға мүмкіндік бар. Жаңа нәрсе ойлап тапқан жоқпын. Зерттеулерімнің нәтижесінде ата-бабаларымыз пайдаланған киізді антирадиациялық қаптаманың ең маңызды ингредиенті ретінде пайдаландым», – дейді ол.
Ерасылдың айтуынша, антирадиациялық қаптама смартфонды суық пен ыстықта бір қалыпты температурада сақтап, телефонды қызып кетуден, өшіп қалудан сақтайды. Құм араласқан киіз смартфоннан таралатын электр энергиясын 3 ваттан 1,85 ватқа дейін түсіреді. Ал радиацияны 9-дан 6 герцтік күшке дейін төмендетеді екен. Сондай-ақ, бұл қаптама телефонның вибрация арқылы келетін электромагниттік өрісті адам бойына өткізбей, ауаға таратып жібереді, деп жазды otyrar.kz.
«Қаптаманың құрылымы қарапайым болғанымен, пайдасы мол. Оны қолданысқа енгізуге көп шығын кетпейді. Қазақ жастарының еуропа немесе жапон елінің өнертапқыш жастарынан еш жері кем емес. Оларда бар мүмкіншілік бізде де бар. Замандастарымды ерінбей ізденіп, осылай ақыл жарыстыруға шақырамын», — деп түйді сөзін Ерасыл Анарханұлы.
Айта кетейік, Ерасыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 1 курс студенті. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, білім саласына қосқан үлесі үшін осы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Үздік студент» төсбелгісін иеленген.
sputniknews.kz