Шымкенттік шенеуніктің Ресей азаматы екені сотта дәлелденді

0

Шымкентте Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Олег Почиваловтың арызына қатысты сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқарма басшысы өзінің арызында Қазақстан азаматтығын қайтарып беруді талап еткен еді.

Алайда сот Олег Почиваловтың Ресей Федерациясының азаматы екені толық дәлелденгенін алға тарта отырып, оның талабын қанағаттандырмай тастады.

«Сот Почивалов Олег Владимировичтің РФ азаматтығын алғанын және тиісті паспорты болғанын анықтады. №1 көшірме осы мәліметті растап тұр. Аталмыш факт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хаты арқылы да, РФ ІІМ жауабы арқылы да дәлелденді.

О. Почивалов пен оның өкілдері сотқа бұл деректерді жоққа шығаратын дәлелдер ұсынған жоқ. Осылайша, сот Полиция департаментінің азаматтықтан айыру әрекетінен ешқандай заңбұзушылық анықтаған жоқ. Сот шешімі бір айдан соң ғана күшіне енеді», – деді үкімді оқыған судья Нұрғали Исмайылов.

Еске салсақ, шымкенттік шенеунік бұған дейін өзіне «Қос елдің азаматтығын алған» деп айып таққан Шымкент қаласының көші-қон полициясының ақпаратын жалған деп жариялап, сотқа талап арыз түсірген болатын. Ол тіпті, БАҚ өкілдерін жинап брифинг өткізіп, «ешқашан Ресей азаматтығын алмағанын» да мәлімдеді. Сондай-ақ, сот жұмыстары аяқталғанша оған Қазақстан азаматтығы уақытша қайтарылған еді.