Шымкенттік келіншек: Қазіргі тоқалдар еркектің ақшасын сүлікше соруды ғана ойлайды

0
430

Бүгінгі таңда тоқал алуға ойы кетіп жүргенін қарапайым адамдармен қатар танымал ер азаматтар да көпшілікке жасырмай айта беретін болды. Тоқал тақырыбы жанына батқан шымкенттік келіншек, төрт баланың анасы KAZ.NUR.KZ порталына өз ойын білдірді. Күйеуі өзінен 22 жас кіші келіншекпен бірге тұрып жатқанын мәлімдеген ол қазіргі заманның ашыналарын бұрынғы тоқалдармен салыстырып берді.

Шолпан қазіргі заманда ер азаматтарға тоқал алудың еш пайдасы жоқ екенін айтып, босқа даурықпауға кеңес берді.

«Тоқал алуға қызығатын ер адамдарға айтарым бар. Түр десе түрі, бой десе бойы бар, өз-өзін күтіп жүретін қыздарды тоқал етіп алды делік. Олар еркектің ақшасын сүлікше соруды ғана ойлайды. Қазіргі тоқалдар бала тумайды. Сымбатын күткен қыз тамақ ішпей, екі күннің бірінде ауыра береді. Одан дені сау ұрпақ келмейді. Қазір қара басын ойлап қалған қыздар көбейді.

Бар жағдайын жасатады, үйін алдыртып, астына көлігін мініп алады. Тіпті төркінінің жағдайын жасап алады. Соңында болмайтын нәрсеге бола ұрыс шығарып, бір тебеді де, ер азаматты жөніне жібереді. Мұндайды армандайтын болса, тоқал алсын. Тоқал алуға қызығып жүргендердің айтатын уәжі – «ата-бабамыз үш-төрт әйел алған» дейді. Иә, олар ұрпағын көбейту үшін алды. Ал қазір тоқал еріккеннің ермегіне айналды», — дейді ол.

Шолпан өзінің басынан өткен жайды ешбір әйелге тілемейтінін жеткізді. Ол Қазақстандағы әйелдерді отбасындағы ерінің озбырлығынан қорғайтын заңның әлсіздігін баса айтты.

«Басымнан өткен жағдайды Қазақстанның бір әйелінің басына тілемеймін. Алла куә. Екі ұл, екі қыздың анасымын. 16 жыл бірге тұрдым. Күйеуім ащы су ішті, ұрды. Бәріне көндім. Бізде Шымкентте өлсең, тірілсең сол жерде қалуың керек. Ажырассаң қарабет боласың, әке-шешеңе бара алмайсың. Менің күйеуім өзінен 22 жас кіші келіншекті алды. Сонымен тұрып жатыр. Ол қыз да ақшасына қызықты. Сол әйел үшін күйеуім мені пышақтап өлтіруге дейін барды. Полицияға барып едім, олар ештеңе істей алмайтындарын айтты. Адам өлімі болса ғана ерлі-зайыптының арасына түсе алады екен. Біздің елдің заңының әлсіздігі ғой бұл. Көп әйелдер өліп жатыр», — дейді шымкенттік келіншек.

16 жыл отасқан күйеуінен көңілі қалған Шолпанның ойынша жолдасы тоқал алып кетпес үшін бәйбішелер ештеңе істей алмайды.

«Ер адамның миы бір бұзылды ма, болды, соған кетеді. Он бала туып берсең де роль ойнамайды. Бұл жерде мәселе әйелдерде. Қыздар әйелі бар еркекке жоламасын. Ер адамдар көп жағдайда өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Жан тыныштығын қалайды. Жас әйел жарытып жар болмайды. Алатынын алып болған соң, жақсылап ұрыс шығарып, өтірік таяқ жеп есігін іштен жауып тастайды. Еркек аузы ашылып, далада қалады. Ерлерге айтарым сол», — дейді келіншек.

Қазіргі тоқалдар ер адамды бірінші отбасына жолатпайтына Шолпанның талай көзі жетіпті.

«Балаларымды екі жылдан соң бірінші рет әкелеріне жіберіп едім. Өзі бізге хабарласпайды. Қолына бес мың теңге ұстатып жіберіпті. Ол ақша балаларымның екі күнгі жолкүресіне ғана жетеді. Санасының жеткені сол. Әйелге де байланысты. Тоқалы еріне «балаң ғой, беріп тұр, барып тұр» десе ер адам ойланады ғой. Қазіргі тоқалдар ондай емес. Олар ерлерді бірінші отбасымен араласпаса екен, бармаса екен, өзін олардан аулақ ұстаса екен, бетін көрмесе екен деп тілейді» — деп мұңын шақты төрт баланың анасы.

Шолпан әйелдерді намысты болуға шақырды. Ол басынаню кешкен жайдан соң, еңсені тік ұстап жүруді үйренгенін айтады. Күйеуі екінші әйел алмас бұрын үй жөндеуге алған екі миллион теңге кредитінен де құтылуға аз қалған. Шымкенттік келіншек 2021 жылы жаңа проблемасыз өмірінің басталатынына қуанышты.