Шымкенттік азамат қазақтың киімімен төсін жалаңаштаған Шырынның үстінен арыз жазды
Шымкент тұрғыны қазақтың ұлттық киімін киіп төсін жалаңаштап, халықты мазақ еткен Шырын Нарчаеваның үстінен арыз жазды. Ол өз әрекетімен шектен шыққан бойжеткеннің халықтың ғасырлар бойы жан беріп, қан төгіп қорғап келген ұлттық намысы мен абыройын қорлағанын атап өтті.
Құрманғазы Мүсір есімді азамат ҚР Жамбыл облысының прокурорына, облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының басшысына арыз жолдады. Ер адам арыздың суретін Instagram желісінде жариялады.
Ол арызда әлеуметтік желіде қазақтың ұлттық киімін киіп тұрып кеудесін жалаңаштаған суреттері мен видеожазбаларын жариялап, көпшіліктің наразылығын тудырған Шырын Нарчаеваның қазақ хылқының ұлттық намысы мен абыройын қорлағанын жазған.
«Менің арыз беру себебім, үстіміздегі 2018 жылдың желтоқсан айының басында «Instagram» әлеуметтік желісінде, Шырын Нарчаева атымен құрылған жеке парақшаларда, Қазақстан Республикасының азаматтарының, қазақ ұлтының тарихи құндылығы, мақтанышы болып танылатын ұлттық киім-кешегін жартылай киіп, денесінің кеуде тұсын жалаңаштап, өзін қазақ қызымын деп таныстырып, ұлттық рухани маңыздылығы мен құндылығы бар, тарихи мақтаныш болып танылатын әшекейлі киімді қорлай отырып, жапанға жар салып белгісіз азаматша жарияланған болатын. Арада көп ұзамай, аталмыш желідегі басқа да тұтынушылардың және YouТube желілеріне тарап кеткен қоғамдық үрейден соң, аталған Шырын Нарчаеваның ізін қуушылар, яғни бастапқы Шырын Нарчаеваның жариялаған бейнесіне пародия ретінде Instagram желісіне белгісіз азият ұлттық екі жігіт бейнетаспа жариялап, онсыз да мазақ қылып тұрған қазақ қыздарының ұлттық киімін одан бетер қорлап, жапанға жар салып қорлап отыр. Аталған жағымсыз, тексіз іс-әрекеттерімен аталған тұлғалар өздерінің шығу тегінің жоқтығын баяндап қоймай, қазақ ұлтының тарихи маңыздылығы бар, мақтанышы болып табылатын қазақ қыздарының көнеден келе жатқан әшекейлі заттарын: үкілі сәукеле, тұмарша, шолпы, шашбау, қапсырма, алқа және де тағы басқа ұлттық қазына болып саналатын киім-кешек пен әшекейлі бұйымдарды қорлап, халықтың ғасырлар бойы жан беріп, қан төгіп қорғап келген ұлттық намысы мен абыройын қорлады.
Сонымен бірге қазақ ұлтының, Қазақстан азаматтарының шығу тегіне, мәдени құндылығына кір келтіріп қана қоймай, аталған арнайы, қасақана жасалған іс-әрекеттер көршілес ағайын мемлекеттердің тұрғындарының, керек болса, дүниежүзінің алдында қазақ деген ұлтқа, мәдениетіне, тарихына, Алаш ұғымына орны толмас зақым келтіріп, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы, «Нұр Отан» партиясының саясатындағы «Рухани жаңғыру» бағдарына түбегейлі қайшы деп танимын», – деп жазды ол арызда.
Шымкенттік азамат прокурордан Шырын Нарчаеваның аталған әрекетін бағалап, әкімшілік жауапқа тартуды сұрады.
Өз кезегінде желі қолданушыларың дені Құрманғазы Мүсірді қолдап, бойжеткеннің жазалануын сұрап отыр.
Оған қолдау білдіргендердің қатарында әнші Жанар Айжанова да бар. Ол Мүсірдің арызы заң шеңберінде жазылғанын, артық ештеңе жоқ екенін айтып, азаматты қолдауға шақырды.
Источник: Stan.kz