Шымкентті уақытша паналаған Арыс тұрғындары қалаға орала бастады

0

Бірнеше күннен бері Шымкенттегі эвакуациялық пунктерде тұрып келген Арыс тұрғындарының алды таңертеңгі сағат 10-дарда қалаға жетіп, үйлеріне кіре бастады. Азаттық Арыстағы әкімдік маңындағы алаңда жүрген бірнеше азаматтан жағдайларын сұрап көрді. Олардың көбі үйлерінің әйнектері шағылғанын, бірақ тұруға жарамды екенін айтты.

Арыста ақпарат құралдарына таңертең сұхбат берген Түркістан облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы қаладағы үйлердің 85 пайызының шатыры бүлініп, терезесі шағылғанын айтты. Оның дерегінше, жарылыс салдарынан елді мекендегі 26 тұрғын үй өртенген.

«Қалада радиация бар ма?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына ол «қалада 100 пайыз радиация жоқ. Жарылыс болғаннан кейін мамандар келіп тексеріп кетті» деп жауап берді.

Маусымның 27-і күні жүздеген арыстық көшеге шығып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен еді. Соңғы он жылда төртінші рет жарылыс болып отырғанын айтқан тұрғындар «басқа жаққа көшіреміз» деген биліктің көп жылғы уәдесінен шаршағанын айтқан еді.

Халық наразылығынан соң Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс болған қалаға маусымның 28-і күні кіруге рұқсат берілетінін айтқан. Шөкеев «Арыс тұрғындарына қалада ешқандай қауіп жоқ» деген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін Шымкенттегі «Ақмешіт» алдында «үйімізге қайтудан қорқамыз, басқа жерден баспана не жер беріңдер» деген наразылар байқалмаған. Автобустар азаматтарды қаладағы қырықтан аса эвакуациялық пунктен алып кеткен.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары «билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз» деп шағынған. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды.​ Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Azattyq