Шымкентті паналаған Арыс тұрғындары үйлеріне қайта бастады

0
51

Арыстағы әскери қоймадан шыққан жарылыстан соң Шымкентке бас сауғалап, 24 маусымнан бері қаланы паналаған тұрғындар үйлеріне қайта бастады. «Ақмешіт» маңында тұрған арыстықтар арнаулы автобустарға жайғасып жатыр. Ұйымдастырушылар сөзінше, таңғы 6.00-ден бастап келе бастаған автобустармен ендігі екі жүзден астам кеткен. Оларды қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шығарып салған.

Кеше, 27 маусымда жүздеген арыстық көшеге шығып, билікке наразылық күшейген тұста Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс болған қаланың 28 маусым күні таңғы 8.00-де ашылатынын хабарлаған. Шөкеев «Арыс тұрғындарына қалада ешқандай қауіп жоқ» деген.

«Ақмешіт» мешіті алдында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, «үйімізге қайтудан қорқамыз, басқа жерден баспана не жер беріңдер» деген наразылар байқалмайды. Автобустар азаматтарды қаладағы қырықтан аса эвакуациялық пунктен алып кетіп жатыр.

Арысқа қайту үшін автобусқа отырып жатқан тұрғындар мен оларға көшуге көмектесіп жүрген молдалар. Шымкент, 28 маусым 2019 жыл.

Арысқа қайту үшін автобусқа отырып жатқан тұрғындар мен оларға көшуге көмектесіп жүрген молдалар. Шымкент, 28 маусым 2019 жыл.

27 маусымда жарылыс болған күні Шымкентке бас сауғалап келген жүздеген Арыс тұрғыны «Ақмешіт» мешіті алдындағы Темірлан көшесін жапқан. Наразылар «өздерін төрт рет жарылыс болған Арыс қаласынан басқа жаққа көшіруді, Түркістан, Шымкенттен үй не жер беруді» деп талап етті.

Наразылар полиция қоршауын бұзып өтіп, Шымкенттің орталық алаңына шерулетіп жеткен. Оларды ондаған полиция бақылап жүрді. Шымкент полиция департаменті наразылық білдірген арыстықтардың «тәртіп бұзбағанын» хабарлады.

Қазақстан үкіметінің дерегінше, Шымкентке жарылыстан соң 26 мың арыстық көшірілген. Олар қаладағы эвакуация пунктерін, бір бөлігі «Ақмешіт» мешіті маңын паналаған.

Оқи отырыңыз: Орталық алаңға барған арыстықтар билікке талап қойды

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары «билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз» деп шағынған. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды.​ Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Azattyq