ШЫМКЕНТТЕГІ ШЫРША ТОЙЫ | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы мен Еңбекші аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңажылдық шырша тойы өтті.
Мерекеге жиналған бүлдіршіндерді Еңбекші ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Ғалымжан Ильясов осы жылдағы толағай табыстармен бөлісіп, қатысушы ата-аналар мен балаларды санаулы күндерден кейін келетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Жаңа жыл – барлық балалар үшін ең керемет, ең сүйікті мереке. Жаңа жылды әр бала асыға күтеді, оны қуаныш, көптеген сыйлықтар түрінде елестеді. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында бүгінгі шараны ұйымдастырдық, – деген аудан әкімі балаларға сыйлықтар тапсырды.
Жаңа жыл кешіне арналған концерттік бағдарламада ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылым көрсетіліп, түрлі қызықты байқаулар өткізілді.
– Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол үшін беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қамкөңіл балаларға қуаныш сыйлаған партияға алғысым шексіз, – деді ата-аналар атынан сөз алған Гүлжахан Қайназарова.
Мереке соңында мүмкіндігі шектеулі балалар ертегі кейіпкерлерімен, Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, суретке түсті, ұйымдастырушылар сыйлығына ие болып, мәре-сәре күйге түсті.
Тельман БЕЙСЕН
Дереккөз: Айқын