Шымкенттегі дәмханадағы атыс: Полиция оқиғаға қатысты пікір білдірді — Қазақстан жаңалықтары
Шымкенттегі дәмханалардың бірінде атыс болып, соңы адам өлімімен аяқталған еді. Қаланың полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық ПД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сурет: Otyrar.kz
Күні кеше белгісіз біреулер қаладағы Арғынбеков көшесінде орналасқан дәмханаға кіріп, оқ жаудырған еді. Полиция мәліметінше, бүгінгі таңда күдіктілердің тұлғасы анықталып, оларды тұтқындау бойынша шаралар қабылдануда.
«Оқиға орнын тексеру барысында қылмыс құралдары табылып, тәркіленді. Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» және «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» баптарына сәйкес іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Прокуратура және полиция департаменті басшылығы қылмыстық істің тергелуін айрықша бақылауда ұстап отыр», — дейді полициядағылар.
Сонымен қатар полиция департаментіндегілер оқиға салдарынан екі адамның көз жұмғанын жоққа шығарып, бір адамның ажал құшқанын айтты.
Ал қалалақ денсаулық сақтау басқармасындағылар қазіргі уақытта оқиғадан зардап шеккен 4 адамның Шымкенттегі қалалық клиникалық ауруханада жатқанын айтты. Олардың барлығына ота жасалып, екеуі жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр.
Сонымен қатар жарақаттанған тағы бір адам Сайрам аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
«29 қазанда сағат 18:50-де 29 жастағы ер адам бас сүйек-мидың ашық жарақатымен түсті. Ол есін біледі», — дейді Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Еске сала кетсек, 29 қазанда Шымкенттегі дәмханалардың бірінде атыс болып, салдарынан бір адам көз жұмған еді.
stan.kz