Шымкенттегі акцияда саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті

0

Дүйсенбі, 29 шілдеде Шымкенттегі Абай саябағындағы Абай ескерткіші алдында бірнеше жергілікті белсенді Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымы жетекшісі Серікжан Біләш пен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті, қазір түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті және Қазақстандағы өзге де саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етіп акция өткізді.

Шараға қатысқан белсенді Ерғали Құлбаевтың пікірінше, Қазақстан өзін құқықтық, демократиялық ел деп жариялағандықтан барлық талаптарға сай болуы керек. Ол Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тапталмауы және бұзылмауына президент кепіл болады деп көрсетілгенін еске салады.

«Серікжан Біләш пен Мұхтар Жәкішовті саяси тұтқындар деп есептеймін. Мұхтар Жәкішов кезінде «Қазатомөнеркәсіпті» қандай деңгейге көтерді! Енді он жылдан бері жазықсыз түрмеде отыр. Неге әділ сот жоқ? Серікжан Біләшті қазақтың жанайқайын жеткізгені үшін үйқамақта ұстап отыр. Босатылуын талап етемін! Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!» дейді белсенді.

Шымкент қаласы тұрғыны Данияр Көшербаев та биліктен үйқамақта отырған Серікжан Біләшқа бостандық беруді талап етті. «Қытайдағы қазақтарға бостандық сұрағаны үшін абақтыға тығып, соттаудың қажеті жоқ. Бұл үкімет басындағыларға ұят тірлік» деді шымкенттік белсенді.

Жиналғандар шамамен жарты сағаттан кейін тарады. Оларды сырттай бақылап тұрған полиция қызметкерлері ешкімді ұстаған жоқ.

Azattyq