Шымкентте жүзге тарта адам «әділетсіз» сот үкіміне наразылық білдірді

0

21 мамырда Шымкенттегі қалалық прокуратура мен қалалық соттың алдында жүзге тарта азамат адам өлімімен аяқталған қылмыстық іс бойынша сот үкіміне қарсылық білдіріп, наразылық танытты. Оларды прокурорлар мен полицейлер бақылап жүрді. Жиналғандар 29 сәуірде қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «адам өлтіру» бабымен айыпталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған Тахиржан Хамутбековтың ісі бойынша шыққан үкімге наразылық танытты.

Пышақталып қайтыс болған 24 жастағы Хусан Турдиевтің туыстары сот үкімі мен прокуратураның оған түсірген апелляциялық наразылығына қарсы екенін айтты.

Наразы топ әуелі қалалық прокуратураның алдына келіп, қала прокуроры Мақсат Қожабаевтың іс бойынша түсініктеме беруін талап етті. Жиналғандардың алдына қала прокурорының көмекшісі Айдос Тілебаев шығып, іс бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Оған көңілдері толмаған тұрғындар қала прокурорының қайта шығуын талап етті.

Қала прокурорының орнына шыққан оның орынбасары Берген Ержаппаровқа жәбірленуші деп танылған Камала Турдиева сұрақ қойды. «Сотта прокурор күдіктіні 19 жылға бас бостанығынан айыруды сұрады. Енді өзі онысына апелляция түсіріп, күдіктіні 2,5 жыл шартты жазаға кесуді сұрап отыр. Неге? Неге прокурор өз шешіміне өзі қарсылық білдіріп отыр?» деді ол.

Берген Ержаппаров шешімін өзгерткен прокурорға қатысты қызметтік тексеру жүргізілетінін, әрекетіне баға берілетінін айтты.

Былтыр пышақталып қайтыс болған Хусан Турдиевтің туысы Камала Турдиева (сол жақта) қалалық прокуратура алдында полицеймен сөйлесіп тұр. Шымкент, 21 мамыр 2019 жыл.

Былтыр пышақталып қайтыс болған Хусан Турдиевтің туысы Камала Турдиева (сол жақта) қалалық прокуратура алдында полицеймен сөйлесіп тұр. Шымкент, 21 мамыр 2019 жыл.

Одан кейін наразы топ қалалық сотқа келді. Қалалық сот өкілдері сот төрағасы Ербол Рахымбековтің қабылдауына үш адамнан артық ешкім кіргізілмейтіні айтты. Жиналғандар төрағаның сыртқа шығуын талап етіп айқайлады. «Шықпаса не бәрін бірдей қабылдамаса жолды жабамыз» деді ол.

Жарты сағаттан соң сот төрағасы наразы топты сот залында қабылдады.

– Біз күйіп отырмыз. Ақшамыз болмағаны үшін шындықты дәлелдеп бере алмай отырмыз. Неге біздің жанайқайымызды ешкім естімейді? Судья Айжан Медеубекова әділетті шешім шығарамын деген. Шығарған жоқ. Заңсыз жолмен табылған видеожазбаға сүйеніп шешім шығарды. Судья ешкімге бағынбаса қалағанын істеу керек пе? – деді жәбірленуші Камала Турдиева.

Жиналғандар уәжін тыңдаған сот төрағасы апелляциялық сот шығарған үкімді толық қарап, тексеріп шешім шығаратынын айтты. Наразылар сотқа апелляциялық шағым түсірген соң тарады.

Қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Тахиржан Хамутбеков 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленген. Онымен бірге сотқа тартылған үш адам «айыптары дәлелденбегендіктен» ақталып шыққан. Ақталған үш азаматтың бірі – «адам өлтіру», екеуі «бұзақылық» бабымен күдікке ілінген еді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз