Шымкентте жұрттың көзінше ұрланған қыз табылды

0
154

Шымкентте полицейлер өткен түнде қаланың 18 шағын ауданында ұрланған қызды тапты, деп хабарлайды «Хабар-24» телеарнасы.

Ұрлаушылардың жеке басы анықталды. Оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, қызды үйлену үшін алып қашқан.

«Аталған факті бойынша 126-баптың 2-тармағының 1-бөлігі – «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бас бостандығынан айыру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Шымкент қалалық полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Абдраманов.

Қызды ұрлаған сәт түсірілген видео әлеуметтік желілерде 29 наурызда пайда болды. Куәгерлердің айтуынша, көп қабатты үйлердің бірінің ауласында бірнеше ер адам қызды мәжбүрлеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытта алып кеткен.

Қыз қарсылық көрсетіп, көмек сұрады.

«Менің терезем көшеге қарайды. Жарты шақырым жерде болды. Айқай болды. Қыз айқайлады. Мен секіріп түстім, ол айқайлап жатыр деп ойлаймын. Содан кейін тағы бір қыз айқайлай бастады, артынан. Сосын көлік күрт бұрылып, жоғары жылдамдықпен кетіп қалды», – деді шағын аудан тұрғыны.