Шымкентте жүкті әйелге бір мезгілде екі ота жасалды

0

Хирургтің айтуынша, кесарь отасы жарты сағаттай жасалған. Ал бауырдың кистасын алып шығуға бір жарым сағат кеткен 

НҰР-СҰЛТАН, 17 қазан – Sputnik. Шымкенттің №1 қалалық клиникалық ауруханасында алғаш рет адамға бір уақытта екі ота жасалды. 41 жастағы жүкті келіншектің бауырында 19 сантиметрлік ісік (киста) өсіп кеткен. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген хирургия бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байтеміров отаның қалай жасалғанын айтып берді.

Тағы оқыңыз: 480 күн ес-түссіз жатқан сәбиге елордада бұрын-соңды болмаған ота жасалды 

«Негізі бауырдың кистасын алып тастау операциясы – күнделікті ота. Бірақ жүкті әйелге алғаш рет жасалып отыр. Бір уақытта екі отаны жасауға тура келді. Алдымен кесар тілігі арқылы баланы алып шықтық. Сосын бауырдың оң жағында болған үлкен ісікті алып тастадық. Оны «эхинококк кистасы» деп атайды. 19 сантиметрге дейін өсіп кеткен», — дейді Байтеміров.

Хирургтің айтуынша, кесарь отасы жарты сағаттай жасалған. Ал бауырдың кистасын алып шығуға бір жарым сағат кеткен. Қазіргі кезде пациенттің жағдайы жақсы. Келесі аптаның басында ауруханадан шығады. 

«Енді жүкті әйелдерде ондай киста көп бола бермейді. Былтыр бір рет болған. Ол кезде әйелді Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына жібергенбіз. Осы жолы өзіміз жасадық. Негізі бауырдың кистасы анықталса, жүктілікті тоқтату қажет. Бірақ бұл кісіде кеш анықталды. Сол себепті босанудың мерзімін күттік те, бірден екі отаны жасадық», — деп атап көрсетті Байтеміров.

Маман бауыр кистасы сияқты ісіктің адам өміріне өте қауіпті екенін атап өтті. Себебі ісіктің ішіндегі сұйықтық ағып кетсе, паразиттің миллиондаған жасушалары ағзаға таралып, адамды мерт қылады. Осы жолы бәрі ойдағыдай болды. Дәрігерлер ананы да, баланы да сақтап, кистаны алып тастады. Айтпақшы, ұл баланың салмағы 5 келі болған.



sputniknews.kz