Шымкентте ұсталған кейбір белсенділер өздерін босатқанын хабарлады

0

6 шілде күні кешке Шымкенттегі Әл-Фараби алаңының маңында «рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін» ұсталғандардың кейбірі полицияның бірнеше сағаттан соң өздерін босатқанын хабарлады.

Әл-Фараби алаңында ұсталған елу шықты адамның бірі белсенді Қайрат Сұлтанбектің Азаттыққа айтуынша, сенбі күні кешке өзімен бірге үш адамды әуелі Еңбекші аудандық полиция бөліміне жеткізіп, кейін Түркістан облысы Ордабасы аудандық полиция бөліміне алып барған. Онда түсініктеме алғаннан кейін босатқан.

— Алаңға билікке қарсы болғаным үшін шықтым. Бірақ ол жерде ешбір сөз айтпасам да, азаматтық киім киген бірнеше адам күштеп көлікке салды. Бірі тұмсығымнан ұрды. Сосын полиция бөліміне алып кетті. Алты сағаттан кейін үйіме жіберді, — дейді белсенді.

Алаң маңында ұсталған белсенді Данияр Байтілеу 6 шілде кешке өзімен бірге отыз шақты адамды Абай аудандық полиция бөліміне жеткізгенін айтты. Оны алаң маңындағы орындыққа демалып отырған жерінен азаматтық киім киген бейтаныс адамдар қолын қайырып, бүйрегінен ұрып, көлікке тыққан. Полиция бөліміне барғанда өзі сияқты алаңда ұсталған азаматтарды көрген. Олардың арасында балалы әйелдер де болған. Кейбірінің қан қысымы көтеріліп, қызметкерлер жедел жәрдем қызметін шақыртуға мәжбүр болған.

— Ұсталғандардың саусақ таңбаларын алып, қылмыскер сияқты суретке
түсіріп, түсініктеме жаздырып босатты, — дейді Данияр Байтілеу.

Қала тұрғыны Оралбай Билалилов әйелі Нурила Құралбаевамен бірге полиция көлігімен алып кетіп, Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде төрт сағат ұстаған. Түсініктеме жаздырып, саусақ іздерін алып, суретке түсірген.

— Бізбен бірге кем дегенде отыз адамды полиция бөліміне жеткізді, — дейді Оралбай Билалилов.

Оқи отырыңыз: Шымкентте полиция 50-ге жуық адамды ұстаған

6 шілде астана күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде полиция «рұқсат етілмеген митингіге шыққан» жүздеген адамды ұстады. Әзірге ұсталғандардың нақты саны белгісіз. Қанша адамның әкімшілік жазаға тартылғаны туралы да толымды дерек жоқ.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсел Сәденова бар ақпаратты ішкі істер министрлігі беретінін айтты. Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бұған байланысты ақпарат әзірлеп жатқанын хабарлады.

Azattyq