Шымкентте уланғандар саны 40-тан асты
Шымкент қаласының № 54 мектебінде иіс тиіп, уланғандар саны 45-ке жеткен, оның 41 – оқушылар. Бұл туралы Азаттыққа 19 наурызда Тұрмахан Орынбаев атындағы облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері Мәдина Ермахамбетова хабарлады. Оның сөзінше, ауруханаға жеткізілгендердің барлығы үйіне қайтарылған. «Ауруханаға түскендердің барлығында ауланудың жеңіл түрі болды», — дейді бас дәрігер.
18 наурызда Шымкенттегі №54 мектепте 38 оқушы газдан уланып, ауруханаға жеткізілген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бір мұғалім мен бір техникалық қызметкер де уланған.
Сейсенбі, 19 наурызда жергілікті ақпарат агенттіктері Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің оқиғаға қатысты айтқанын жазды. Онда Бекшин «Балалардың басы мен асқазаны ауырған. Оқиға түстен кейін болған. Ол кезде балалардың қарны аш екені де анық. Балалар тамақтанғаннан кейін жағдайлары жақсарған», — деген.
Оның сөзінше, оқушылар жақын маңдағы қосалқы станциядан шыққан газдың иісінен уланған болуы мүмкін. Ол сондай-ақ, сараптама орталығының мамандары жүргізген тексеру барысында қосалқы станция аумағында, ғимараттың іші мен мектепте ешқандай зиянды зат анықтамағанын айтты.