Шымкентте тойхана ортасына арыстанды алып кіргендер көпшілік сынына қалды
Шымкенттегі тойлардың бірінде 200-ден асатын қонақ отырған тойханаға бүркіт, қасқырды қойып арыстанды ортаға алып шыққан шоу программаны көргендер шошып кеткен. Түз жануары сұсты көзімен ақтүтек бу мен жаңғырған музыкаға аса сақтықпен тұрғандай. Тіпті тойдың видеосын көргендердің өзі жабайы жануар «адамдарға шабуыл жасап жібереді ме?» деп шошып қараған. Одан қалды сүндеттелген балалар арыстанның қасында тұрған. Бұл туралы Kyn.kz жазды.
Той Шымкент өңіріне танымал шоуменнің шаңырағында болған сыңайлы. Өйткені желідегілер той иесінің өңірге танымал екенін, ақшалы әрі көптеген танымал әншілермен бірге жұмыс істейтінін айтқан. расымен тойда рейтингі жоғары, гонорары қымбат, танымал әншілер төбе көрсеткен.
Әдетте сүндет тойларда батырлар, тазы ит, қыран құс пен актерлер қуаныш себепшісін ортаға алып шығатын. Оған көпшіліктің көзі үйренген. Бұл жолы ортаға аң патшасы арыстанды алып шыққандар елді расымен де өздеріне қаратқан. Оған қатысты желі қолданушылары түрлі пікір таратқан.
«Қазаққа мақтануды берсең бәрін жасайды», «Жақында тойға адамды қойып, жануарларды ән айтқызып шығаратын шығар», «Мынау барып тұрған сауатсыз, мақтаншақтың ісі», «Қолдарыңнан келсе бұдан асырып той жасаңдар. Өздеріңде ақша жоқ, ақшасы барды көре алмайсыңдар» деген сынды пікірлер көптеп жазылған.
фото: kyn.kz