Шымкентте қамалған белсенділерге қолдау көрсетті

0

Шымкентте «бейбіт митинг өткізу заңын бұзды» деген айыппен қамалған Нұрлан Сыздықбек, Мұрат Аштаев пен Мұрат Байдәулетовті қолдау үшін белсенділер 24 ақпанда қалалық полиция департаментінің әкімшілік жазаға тартылғандар отыратын арнайы орнына барды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Нұрлан Сыздықбек, Мұрат Аштаев пен Мұрат Байдәулетов өткен аптада, 22 ақпанға жоспарланған митинг алдында, ұсталып «рұқсатсыз наразылық шарасын өткізді» деп сотталған. Аштаев 11 ақпан күні «Саяси тұтқындарға бостандық» деп талап еткен пикеті үшін, Байдәулетов 24 қаңтар күні «Назарбаев атаулары алынып тасталсын!» деген акциясы үшін қамалған. Ал Нұрлан Сыздықбекті сот 5 ақпан күні ақ қағаз киіп, оған «Қазақстанның 1993 жылғы Конституциясы қайтарылсын!», «Қауіпсіздік кеңесі таратылсын!», «Назарбаев, кет!» деп жазып, билікке қарсы пикетке шыққаны үшін жазалаған.

Дүйсенбі күні белсенділер отырған арнайы орынға келген Жарқынбек Сейтінбектің Азаттыққа айтуынша, «полиция Нұрлан Сыздықбек, Мұрат Аштаев пен Мұрат Байдәулетовті 22 ақпанға жоспарланған наразылық шарасына қатыстырмау үшін қамаған. Билік қамау арқылы олардың өз ойын, пікірін айту құқығын шектеген».

Ал Шымкентбай Бөрібайдың сөзінше, ел-жер үшін, сөз бостандығы, демократия үшін сотталғандар қолдаусыз қалмайды.

— Қамалған белсенділер жалғыз емес, олардың көтерген мәселесі — өзге белсенділердің де жанайқайы. Қамалғандардың жағдайын біз ғана емес, күнде топ-топ адам келіп, біліп отыр. Қолдау көрсетіп, үкіметтің қамап қорлауына қарсылық білдіріп жатыр, — дейді ол.

Белсенділер қамалған азаматтардың аты-жөнін жазып, оларға арналған ас-суды кезекші полицейге тапсырып, кейін тарады.

Қазақстандағы екі оппозициялық топ — «Демократиялық партия» құруды жоспарлайтын белсенділер мен елде қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы 22 ақпанда билікке қарсы наразылық өткізетіндерін хабарлаған. Осы митинг алдында Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер ұсталған еді.

«Демократиялық партия» құруды жоспарлайтын бастамашыл топ жұртты сенбі Алматыдағы «Астана» алаңына митингіге шақырған. 22 ақпанға қараған түні бастамашыл топ жетекшісі Мамай «заңсыз митингіге шақырды» деген айыппен үш тәулікке қамалып, 24 ақпан босатылды. Өткен аптаның басында астамашыл топ билік «Демпартияның» құрылтай съезін өткізуге кедергі келтіріп жатыр деп мәлімдеген. Сенбі күні «Демпартия» жақтастары алаңға келіп, Мамайды босатуды талап етті. Сол жерде полиция бірнеше адамды ұстап әкетті.

Екінші митингіге бұрынғы банкир, шетте тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы шақырған. ҚДТ Қазақстан сотымен «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған. 2019 жылы Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.

22 ақпанда екі оппозициялық топ митинг орны деп жариялаған жерде полиция жүзден астам адамды ұстады. Арнайы жасақ пен полицейлер Нұр-Сұлтанда, Ақтөбеде, Шымкентте де адамдарды ұстады.

Елдің ішкі істер министрлігі 22 ақпанда қанша адам ұсталғанын ресми түрде хабарламады. Ұсталғандардың қаншасы қамалғаны я айыппұл алғаны белгісіз. Ал құқық қорғаушылардың есебінше, 22 ақпанда елде 300-дей адам ұсталған.

ҚДТ мен Әблязов шақырған митингіге келгендер «Шал, кет», «Оян, Қазақстан!», «Назарбаев кетсін! Дариға кетсін!» деп айғайлады.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, “Нұр Отан” партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Назарбаевтың орнына президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформа жасайтынын, бейбіт митинг, саяси партия туралы заңды өзгертетінін айтқан. Бірақ сыншылар Тоқаевтың уәдесі орындалмағанын, ол әлі Назарбаевтың ықпалынан шыға алмай отырғанын айтады. Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева қазір сенат спикері болып отыр.

Қазақстанда жұрт митингіге шығу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер түрлі себеппен митингіге рұқсат ете бермейді. Елде рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталады.

Azattyq