Home Жаңалықтар Шымкентте «полицияны қорлағаны» үшін 223 мың төлемеген қамаудағы белсендіні сот 20 күнге...

Шымкентте «полицияны қорлағаны» үшін 223 мың төлемеген қамаудағы белсендіні сот 20 күнге қамады

0
324
Сурет: Диляра Иса

Шымкенттің Қаратау аудандық соты «полицияны қорлағаны» үшін салынған шамамен 223 мың теңге айыппұлды төлемеген азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовті 20 күнге қамау туралы қаулы шығарды. Мұхаммедов 6 қаңтардан бері «тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты» деген күдікпен қамауда жатыр.

Қаратау аудандық сотының мәліметінше, Мұхаммедов 2020 жылдың 30 қарашасында «полицияны қорлап, ар-намысына тиетін сөз айтып, қылмыстық теріс қылық жасағаны» үшін салынған 80 айлық есептік көрсеткіш (222 240 теңге) мөлшерінде айыппұлды төлемеген. 15 наурыз күні сот оны 20 күнге қамауға қаулы шығарған.

Мұхаммедов сот отырысына онлайн режимде түрмеден қатысқан. Белсендінің қоғамдық қорғаушысы, әйелі Бағлан Текебаеваның айтуынша, Мұхаммедов айыппұлды төлеуден жалтармаған. Қамауда болуына байланысты салынған айыппұлды төлей алмаған. Сот процесінде белсенді айыппұлды қамаудан шыққаннан соң отбасын асырап отырған жалғыз ескі көлігін сатып болса да өтейтінін айтқан. Бірақ сот қамау түріндегі жазаны қолданған.

Әйелінің айтуынша, айыппұл төлемеу іс бойынша оның қамау мерзімі 15 наурызда басталып, 5 сәуірде аяқталады. Ол өзі қамауда отырған тергеу изоляторында 20 күнін өтейді.

Мұхаммедов былтыр сотта 2020 жылдың қазан айында отбасымен бірге жалдап тұрып жатқан үйінде «жалғыз қалған кәмелет жасқа толмаған балаларына Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері келіп, қорқытып, жылатып заңсыз әрекетке барғанын, шошынған балаларын көріп ашуланғанын, балалары мен өзін қорғау үшін пышақ пен балта алғанын, бейәдеп сөз айтқанын» мойындаған.

45 жастағы Нұржан Мұхаммедов Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында жалдамалы пәтерде кәмелетке толмаған бес баласымен бірге тұрған. 6 қаңтар күні «тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты» деген күдікке ілініп, екі айға қамалғаннан соң отбасы ол пәтерден туыстарының үйіне көшіп кеткен. Мұхаммедов бұған дейін «саяси тұтқындарға бостандық» талап еткен жиындарға, Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны «заңсыз митингілерге» қатысқаны үшін бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.

2019 жылдың 19 қарашасында саяси көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырған. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге иттің басын кім тастағаны анықталмаған.