Шымкентте полиция алты адамды ұстап әкетті

0

10 маусым түсте Шымкенттегі Момышұлы және Тәукехан көшелерінің қиылысында полиция осы маңда жүрген алты адамды ұстап әкетті. Бұл ақпаратты оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады. Оның айтуынша, ұсталған азаматтар айғайлап, ұрандамаған. Ұсталғандар арасында әйелдер, кішкентай бала болған.

Оқиға кезінде қара көзілдірік киген медициналық маска таққан шамамен 25-30 жастағы ер адам Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтірген. Ол полиция азаматтарды ұстап жатқан кезде Азаттық тілшісінің камерасына қара түсті қолшатырын тосып, түсіруіне бөгет жасаған.

9 маусымда елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан кезде Шымкентте полиция осы маңға келген жиырмаға жуық адамды ұстаған еді. Әзірге олардың нақты саны және қаншасы әкімшілік жазаға тартылғаны белгісіз. Құқық қорғау органдары жауап бермеді.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі 9 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингте 500 шақты адам ұсталғанын хабарлады.

Azattyq