Шымкентте перзентхана маңындағы жарылыстан қаза тапқандар саны артты

0

21 мамырда Шымкентте перзентхана маңында болған жарылыстан үш адам қаза тапты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми Telegram арнасында хабарланды.

Ведомство бүгін Шымкенттегі № 1 облыстық перинаталдық орталыққа іргелес орналасқан жекеменшік дәріхана ғимаратында жарылыс болғанын атап өтті. «Өкінішке қарай, қайғылы оқиғада 1979 жылы туған күзетші, 1980 жылы туған жұмысшы және туғанына 18 күн толған жаңа туған нәресте құрбан болды. Сондай-ақ, 8 адам зардап шекті, олардың барлығы қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды», — деп мәлім етті Денсаулық сақтау министрлігі. Оқиға кезінде перзентханада 189 науқас пен 65 қызметкер болғаны белгілі болды.

Қазіргі таңда олардың барлығы Шымкент қаласындағы басқа медициналық ұйымдарға орналастырылған. Министрлік психологтар тобының жұмысы ұйымдастырылғанын хабарлады. Сонымен қатар, Түркістан облысында жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің ем-шараларын ұйымдастыру бойынша жедел жұмыстар жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармасын уақытша аудандастыру бойынша тиісті бұйрық дайындалуда, облыстық клиникалық ауруханада облыс әкімінің орынбасары басқаратын штаб құрылды. Ведомство қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.